Еуропада салт-дәстүріміз дәріптелді

Бельгия патшалығында алғаш рет салт-дәстүрімізді дәріптеген «Шаңырақ» фестивалі өтті. 

Елшілік ауласында 8 қанатты киіз үй тігіліп, шетелдіктерге ұлттық өнеріміз бен тағамдарымыз таныстырылды. 

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Бүгінгі күн жаңбырлы болады деп болжанғанымен, Брюссельде күн жарқырап тұр. «Шаңырақ фест» бағдарламасында ән де, би де, ұлттық тағамдар да бар. Әсіресе шетелдік қонақтар риза. 

Олар қазақтың ұлттық дәстүрі «Беташар» рәсіміне ерекше назар аударды. Жас келіннің бетін ашқан домбырашы жігіт көпшілікке түсінікті болу үшін қазақша бастап, ағылшынша жалғастырды.

Елбол Қуанбек, «Жошы» ұлттық ансамблінің әншісі:

- Қазақшаға аударсақ, біздің беташар салтымыз, дәстүріміз Бельгияға, Брюссельге «қыдырып» келді. Сапарлатып келді, деген мағынаны береді.

Бельгиялықтар бұл күні ұлттық спорт түрлерімен де етене танысты. Үлкендері садақ атып, нысананы көздесе, балалары екі топқа бөлініп арқан тартты, асық атып, мергендігін сынады. Араларында тоғызқұмалақ зияткерлік ойынына қызығушылық танытқандары да болды.

«Шаңырақ фест» Қазақстанның бірнеше өңірінің қолдауымен өтті. Астана әкімдігі Брюссельге Астана филармониясының «Жошы» және «Қорқыт» атты екі ансамблін жіберсе, Қарағанды облысының қолдауымен елшілік ауласына киіз үй тігілді. 

Роман Василенко, Қазақстанның Бельгиядағы елшісі:

- Біз елшілік аумағына алғаш рет киіз үй тіктік. Ол енді Брюссельде қалады және көпшілік жиналатын маңызды орынға айналады.

Кеш соңында спорттық жарыстардың жеңімпаздары марапатталды. Сондай-ақ Қазақстанға ұшақ билеті ойнатылды. Бұдан бөлек, 500-ден астам адам флешмобқа қатысып, қаражорға биін биледі

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы