Мордовияда Қазақ киносының күндері өтті

Ресейдің Саранск қаласында Қазақ киносының күндері өтті. Мордовия тұрғындарына «Композитор», «Жақсылық» және «Әмре» фильмдері ұсынылды.

Бұл туындылар қазақтың белгілі тарихи тұлғаларының өміріне арналған. Қазақ киносын тамашалауға халық көп жиналды. Іс-шара аясында «Қазақстан – дала мен таулар симфониясы» атты фотокөрме ұйымдастырылды. Онда еліміздің табиғаты мен мәдени мұрасын бейнелейтін фотосуреттер қойылып, көрерменге Қазақстанды жақынырақ тануға мүмкіндік берілді. 

Светлана Баулина, Мордовия мәдениет министрі:

- Бұл мәдени іс-шара біз үшін өте маңызды. Қазақстанның табиғаты мен әсем көріністері шынымен керемет. Қазақ киносы күндері - қос тарап үшін де мәні зор іс-шара. Бізде де кино саласы дамып келеді.