«Періште» фильмі көрерменге жол тартты

«Періште» драмасы көрерменге жол тартты. Картина 90-ы жылдары болған шынайы оқиға желісімен түсірілген.

Фильмнің продюсері белгілі актриса Құралай Анарбекова. Жаңа туынды туралы Алматыда өткен жабық көсетілімге қатысқан тілшіміз баяндайды. 

Адам жанының тереңіне үңілетін ерекше драма адамгершілік, мейірім секілді маңызды құндылықтарды арқау етеді. Әсіресе, ойланбай жасаған әрекет үшін жауап беретін сәт келетінін еске салады. Сценарийі бес жылға жуық уақыт жазылған туындының продюсері, әрі басты рөлде ойнаған актриса Құралай Анарбекова. Ал режиссері көптеген кассалық фильмдерді түсірген - Әнуар Матжанов.

Құралай Анарбекова, «Періште» фильмінің продюсері:

- Мұндай драма Қазақстанда болған жоқ. Сапа жағынан мықты қылып жасадық. Өйткені осы оқиға тарихта қалсыншы, әрбір жан көріп, өмірі жақсы жаққа қарай өзгеріп, жанұялық  құндылықтар алдыға шықса екен деген мақсатта жасадық. Осы фильмді көріп бір жан жанұясын сақтап қалса, бір жан өмірін сақтап бақытты болса, ол біздің осы жасаған дүниенің әлемге керек.

Фильм 90-шы жылдарды бейнелейді. Аласапыран уақытта ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп, адасқан кейіпкерді актёр Арман Уахитов ойнайды. Телехикаяда тәжірибе жинаған актердің бұл үлкен экрандағы алғашқы жобасы екен.

Арман Уахитов, актёр:

- Мен үшін дебют, алғашқы жобам. Біз ең ауыр сахнадан бастадық. Кейіпкерді алып шығу мен үшін қиын болды. Сондықтан режиссердан кішкене уақыт сұрадым. Өмірде ондай оқиғаны көрмеген соң, жалпы отбасылы адаммын. Аллаға шүкір, үш қызым бар. Бірден бірінші сахнадан алып шығу, көрсету ең қиынның қиыны болды. 

Фильм авторлары бұрын-соңды үлкен экранда көрінбеген актерларға басымдық берген. «Періште» драмасын бүгіннен бастап еліміздегі барлық кинотеатрларынан тамашалауға болады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов