Ұлы композитор Ахмет Жұбановтың туғанына 120 жыл
29 сәуір - музыка зерттеу ғылымының негізін салушы Ахмет Жұбановтың дүниеге келген күні, деп хабарлайды 24KZ.
Ол Ақтөбе облысы Темір ауданында 1906 жылы 29 сәуірде өмірге келген. Ахмет Қуанұлы қазақтың музыкалық мәдениетін зерттеп тануда, жүйелеп насихаттауда жаңа сапалы биіктен көрініп, қажыр-қайрат көрсеткен тұлға.
А.Қ.Жұбановтың мұрындық болуымен қырқыншы жылдары ұйымдастырылған ғылыми экспедиция сексенінші жылдарға дейін Қазақстанның түкпір-түкпірінен 10 мыңдай ән-күй нұсқаларын жинаған. Қазақтың кәсіпқой халық композиторларының өмір дерегін жинастырып, шығармаларын нотаға түсіріп, одан соң көнігі әнші-күйшілерге үйрету арқылы халықтың рухани игілігіне айналдыруда теңдессіз еңбекқорлық пен іскерліктің үлгісін көрсетті.
Ол алғаш болып Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің негізін қалады. Тарихы тереңде жатқан ұжым бүгінге дейін өз биігінен түспей келеді.
Жұбановтың қазақ халқының ән-күй шығармаларының табиғаты мен ерекшелігі, ұлы күйшілер Құрманғазы, Дәулеткерей, Сейтек, Тәттімбет, Қазанғап туралы монографиялық ғылыми-зерттеу еңбектері - қазақ музыкасының ғылыми тарихын жасауға қосылған қомақты үлес болды.