Жүзге жуық оқушының қатысуымен түсірілген фильмнің тұсаукесері өтті
Алматы облысында 100-ге жуық оқушының қатысуымен түсірілген «Жүректегі дақ» көркем фильмінің тұсаукесері өтті.
Туынды балалар арасындағы буллинг тақырыбын қаузайды. Фильмнің сценарий авторы мен режиссері - оқушылардың өздері. Жоба «ДосболLike» республикалық бағдарламасы мен «Адал Азамат» тұжырымдамасы негізінде дайындалды.
«Жүректегі дақ» фильмі жазушы Дина Әбілованың әңгімесінің желісімен түсірілді. Онда буллингке тап болған жасөспірімнің өмірі көрсетіледі. Туындының мақсаты балалар арасындағы достықты, бауырмалдықты насихаттау. Фильмде басты рөлді 11-сынып оқушысы Әмина Оңғарбаева ойнайды. Ол өз кейіпкерін сәтті аша білді.
Әмина Оңғарбаева, 11-сынып оқушысы:
- Бір көріністе мен танымал әншінің қолдауымен, оның әніне биледім. Сол биге 2 айға жуық дайындалдым. Бұл кейіпкерімді түсінуге, рольді тереңірек игеруге мүмкіндік берді. Мен үшін осы сахна фильмдегі ең әсерлі, есте қаларлық сәт болды.
Шығармашылық топ негізінен №38 мектеп-гимназияның оқушыларынан тұрады. Олар түсірілімді қазан айында бастаған. Монтаждау жұмыстары сәуір айында аяқталды. 45 минуттық фильмді дайындау үшін 9 сағаттық материал түсіріліпті. Сценариін балалардың өздері жазды. Продюсері мен режиссері де оқушы.
Фатихсүлейман Ерназар, қоюшы-режиссер, 10-сынып оқушысы:
- Бұл фильмнің негізгі мақсаты – жауапкершілікті сезіндіру. Адам дер кезінде тоқтау керегін түсінуі керек. Кешірім сұраған адам кішірейіп қалмайды. Фильмде шешім әрқашан біз ойлағандай болмайтыны көрсетіледі. Шешімді адамның өзі өз ішінен табуы керек.
Бұл мектептегі шығармашылық топ 5 жылдан бері жұмыс істейді. «Жүректегі дақ» фильмі олардың алғашқы жұмысы емес. Бұған дейін оқушылар «Арнау», «Тамшы су» фильмдерін жарыққа шығарды. Әр туынды әлеуметтік маңызы бар тақырыптарды қозғайды.
Рустам Оразалиев, №38 мектеп-гимназиясының мұғалімі, жоба жетекшісі:
- Бізде қоғам назар аудара бермейтін жағдайлар бар. Соның ішінде балалар арасындағы қарым-қатынас. Біздер осы мәселеге назар аударып, соны көтеруге және толыққанды ашуға тырыстық.
Жоба жетекшісінің айтуынша, мұндай шығармашылық жұмыстар балалардың сабақ үлгіріміне де септігін тигізеді. Олар үшін бұл үлкен тәжірибе. Кейбірі болашақта өнер жолын таңдап, креативті индустрияда жұмыс істегілері келеді.
Ернұр Рысбай, Әбен Нарымбаев