Сахна абызы Сәбит Оразбаев – 90 жаста
Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының ақсақалы киелі сахнада ұлттық және әлемдік классиканың 100-ден аса бейнесін сомдады.
Осыған орай Алматыда Әкемтеатрдың қазыналы қартына арналған салтанатты кеш өтті.
Сәбит Оразбаевтың 90 жасына арналған салтанатты кешке театр майталмандары бастаған өнерсүйер қауым жиналды. Күй шертіліп, ән айтылды. Торқалы тоқсанға келген халық әртісі сахна төріне жайғасты. Әрмен қарай мемлекет басшысының, мәдениет және ақпарат министрі мен қала әкімінің құттықтау хаты оқылды. Театр абызы болса қазақ халқына алғысын білдірді.
Сәбит Оразбаев, Қазақстанның халық әртісі:
- Рахмет, аман-сау болыңыздар. Жайнаңыздар, жайқалыңыздар. Дендеріңіз сау болып, халқыңыз үшін, облысыңыз үшін, еліңіз үшін, руларыңыз үшін қызмет жасаңдар.
Сәбит Оразбаев - актер ғана емес, әнші, сазгер, рухани мұраны насихаттаушы. Оның орындауындағы халық әндері мен термелері кеңінен танымал. Театр мен кино саласында жасаған бейнелері ұлттық мәдениеттің алтын қорына енді.
Тұңғышбай Жаманқұлов, Қазақстанның халық әртісі:
- Ата-бабаларымыздан қалған асыл сөздерден құралған термелерді өте ықыласты, ықтияттап айтады. Мен домбырамен ән айтқанды сол кісіден үйрендім. Содан соң ол кісі Қадір Мырза Әлиевтің, Мұқағали Мақатаевтың сөздеріне шығарған керемет-керемет әндері бар. «Тоқта балам, атаң келеді артыңда», болмаса «Шешем менің еңкейіп бара жатыр» деген сияқты керемет өзі шығарған әдемі әндері бар.
Сәбит Оразбаев 1936 жылы Түркістан облысында туып, Қазақ ұлттық консерваториясында білім алған. 1960 жылдан бастап 70 жылға жуық әкемтеатрда еңбек етті. Әлемдік классикадан Гогольдің, Софоклдың күрделі кейіпкерлерін де шебер сомдады.
Бақтияр Қожа, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:
- Антон Павлович Чеховтың «Дядя Ваня» деп аталады, бізде «Ваня ағай» деп аудардық. Сонда Серебреков деген Владимир Александрович Серебрековтың рөлін сомдаймын. Ал баяғыда сомдап кеткен - біздің Сәбит Оразбаев. Сондықтан да бүгін мен үшін мақтаныш күн. Неге? Өйткені тоқсанға келген атамыздың қасында өзі ойнап кеткен образды сомдау мақтаныш та, кішкене қобалжу бар.
Сәбит Оразбаев театр сахнасында 100-ден аса кейіпкердің келбетін ашқан. Соның ішінде «Абай» трагедиясындағы Мағауия, «Қарагөздегі» Дулат, «Қозы Көрпеш – Баян сұлудағы» Жантық сынды образдың шоқтығы биік.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев