Астанада «Махаббат жаңғырығы» концерті өтті
«Астана Операда» Анна Германның туғанына 90 жыл толуына арналған «Махаббат жаңғырығы» концерті өтті.
Салтанатты шара Польшаның Қазақстандағы елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Концертке Польша мен Қазақстаннан Анна Герман әндерінің халықаралық фестивалінің 10 лауреаты қатысты. Олар танымал поляк әншісінің репертуарынан айтулы туындылардың, интерпретацияларын таныстырды. Сондай-ақ әлемдік вокалдық классиканың бірегей техникалық шеберлік пен әртістік қабілетті талап ететін, сан алуан жауһарлары орындалды. Ал «Астана Опера» симфониялық оркестрін, дирижер Томаш Лябунь басқарды.
Альдона Михаляк, Польшадағы Анна Герман әндері халықаралық фестивалінің директоры:
- «Астана Опера» театрымен бірлесіп жұмыс істеу – біз үшін зор мәртебе. Мұның терең символдық мәні бар. Анна Герман 90 жыл бұрын Орта Азияда, Өзбекстанда дүниеге келген, ал 1944-1946 жылдар аралығында Қазақстанда тұрып, Жамбылдағы мектепке барған, әлі күнге дейін осы қалада оның нағашылары тұрады. 80 жыл бұрын соғыстан кейін ол дәл осы жерден отбасымен бірге Польшаға аттанды.