Алматыда қарттар салған суреттер көрмеге қойылды
Қарттық шығармашылықпен айналысуға кедергі емес.
Алматылық белсенді зейнеткерлердің суреттері «Гүлдер әлемі» атты көрмеге қойылды. Ұлттық орталық музейге 51 зейнеткердің 120-дан аса картинасы ілінген. Арасында 80-нен асқан әжелердің де жұмысы бар. «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» қатысушылары бұл жолы көктемнің көркем гүлдерін әртүрлі техникамен салған. Мысалы, картиналардың көбі майлы бояу, акрил, графика сынды әдістермен бейнеленген. Зейнеткерлер еліміздің Көркем өнер академиясының вице-президенті Марлан Нысанбаевтан арнайы дәріс алыпты. Осындай шебер картиналардың ар-тында 3 жылдық оқу мен еңбек жатыр. Көрме 10 күн бойы ашық болады.
Баян Жанұзақова, зейнеткер:
- Ой, көп сурет салдым. Марлан Кеңесұлымен графиканы салдық, қызық екен графика. Сосын акрилмен салдық. Қазір Мақпалға барып жүрмін, маймен саламыз. Ауыр, бірақ қызық.