Биенналеде ұлттық павильон ашылды

61-ші Венеция Биеннале халықаралық көрмесінде ұлттық павильон ашылып, Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Qoñyr: Тыныштық архиві» жобасы ұсынылды. 

Экспозиция руханият, мәдени сабақтастық және тарих тағылымы тақырыптарын тереңнен қозғайды. Жобаның бас серіктесі – Самұрық Қазына компаниясы. 

Айдана Айтбекқызы, тілші:

- Заманауи өнер мен тарихты тоғыстырған Венеция биенналесі биыл 61-ші рет өтеді. Мұнда әр 2 жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен суретшілер жиналып, қазіргі өнердің жаңа бағыттарын паш етеді. Жүзге жуық елдің туындысы қаланың 20-дан астам нүктесінде шоғырланған. Қазақстанның павильоны тарихи теңіз музейінде, Арсенале кешенінің жанына жайғасты. Бұл – адам көп жиналатын, танымал орындардың бірі.

«Дала архитектоникасы» деп аталатын ауқымды арт-нысан – көрермен көзіне бірінші түседі. Мұнда аударманы қажет етпейтін, бірақ әр елге жақын күйді білдіретін қазақ дүниетанымындағы «қоңыр» ұғымы көрініс табады. Осылайша, Сырлыбек Бекбота жетекшілік еткен он қазақстандық суретші Биенналенің «Минорлы күйде» тақырыбын өзінше сезініп пайымдаған. Павильонның ашылуында вице-министр Айбек Сыдықов Қазақстан үшін бұл алаң мәдениеттердің көпдауысты диалогына өз үнін қосу мүмкіндігі екенін атап өтті. Алғашқы келушілер қатарында Қазақстан мен Италияның өнер және бизнес өкілдері, халықаралық суретшілер, дипломаттар мен студенттер бар. Көрменің бүкіл павильондарының ішінде алдымен Қазақстанның жобасына келген Биеннале президенті Пьетранджело Буттафуоко да өз пікірін білдірді.

Пьетранджело Буттафуоко, Венеция Биенналесінің президенті:

- Қазақстандық суретшілердің туындысы тарихқа негізделіп, ұлттық болмысы болашаққа бағытталған. Олар уақыт ұғымын ашатын көркемдік бағытпен үйлесіп тұр. Маған әсіресе олардың жадыға деген көзқарасы әсер етті. Жады тек архив емес, ол ең алдымен адамның ішкі «менінің» шынайы көрінісі. Бұл – поэзия мен музыканың тоғысындағы шығармашылық таңдау арқылы ашылатын рухани ізденіс.

Биыл алғаш рет қазақстандық павильон тұжырымдамасы ашық байқау арқылы анықталды. Ұсынылған 17 жобаның ішінен сарапшылар «Qoñyr: Тыныштық архиві» концепциясын таңдаған. Бұл – өзара байланысқан бес залдан тұратын иммерсивті, сезімге әсер ететін көркем кеңістік. Даланың акустикалық бейнесі, материалдық инсталляциялар, айтыс пен күйдің жаңғырығы – барлығы бір арнада тоғысқан. Куратор Сырлыбек Бекботаның айтуынша, бұл кеңістік көрерменге дайын жауап ұсынбайды. Керісінше, оны өз ішкі тыныштығына үңіліп, сол арқылы қазақтың мәдени кодын сезінуге шақырады.

Сырлыбек Бекбота, «Qoñyr: тыныштық архивы» жобасының кураторы:

- Биенналеде белгілі бір тақырып айтылды. Соған үндесетін біздің дүниемізде не бар? Ол қоңыр дүниетанымы. Ал оны қалай жеткіземін, ол мен үшін қиын мәселе емес, оны архивтер арқылы, өзіміздің айтыс өңері арқылы. Менің концепцияның соншалықты кеңдігі оның бәрін қамти алатынына көзім жетті. Мүмкіндігінше он сүретшінің өзінің, әр бірінің шығармашылығының ойын сақтап қалуға тырыстым.

Көшпелі өркениет, кеңістік пен уақытқа деген ерекше көзқарас, сондай-ақ адамның ішкі күйі – мұның барлығы суретшілердің жұмыстарында көрініс тауып, Биеннале тақырыбымен табиғи үндескен. Алғашқы келушілер инсталляцияларда форма мен мазмұнның үйлесімін ерекше атап өтті.

Маниоли Николас, көрермен:

- Қазақстан павильоны – мен көрген ең үздіктердің бірі. Мұнда өнер арқылы тақырып өте әсерлі жеткізілген. Әсіресе кіреберістегі ат бейнесін еске салатын үлкен инсталляция қатты ұнады. Биеннале – заманауи өнер үшін әлемдегі ең үздік алаң.

Катя, көрме қонағы:

- Мен Қазақстан туралы көп білмейтінмін. Алайда осы көрмеде елді өнер арқылы тану өте қызықты болды. Мұнда отбасы, дәстүр, тарихи процестермен байланыс терең сезіледі.

Серджио Гадди, көрме қонағы:

- Мәдени байланыстар үшін мұндай алаңдардың маңызы зор. Ал өнер тілі бәріне ортақ. Биыл қазақстандық инсталляциялар Биенналедегі ең үздіктердің қатарында деп ойлаймын.

9 мамыр мен 22 қараша аралығында өтетін Биенналеде жүзге жуық павильон көрермен назарын өзіне аударуға таласады. Осы уақыт ішінде көрмені жарты миллионға жуық адам тамашалайды деп күтіліп отыр. Ұйымдастырушылар Қазақстан павильоны мазмұнды диалог алаңына, шабыт көзіне және шетелдік көрерменді халқымыздың мәдени кодымен таныстыратын кеңістікке айналады деп сенеді. 

Авторлары: Айдана Айтбекқызы, Руслан Өміржан