Қызылордалық дәрігер жұмыста үнемі камзол киіп жүреді

Қызылордалық дәрігер Виктория Юн жұмыста үнемі камзол киіп жүреді. 

Ұлттық дәстүрді дәріптеп, қазақтың киімін үстінен тастамайтын маманға жұрт құрметпен қарайды. Кәсіби біліктілігін де жоғары бағалайды.  

Виктория Юн Сыр өңіріндегі білікті онколог-дәрігерлердің бірі. Оның атасы сонау 1937 жылы Кореядан Жалағаш ауданына жер аударылып келген. Қазақ халқының қонақжайлығы мен бауырмалдығының арқасында корей отбасы өсіп-өніп, ұрпақ өрбітті.

Виктория Юн, онколог-дәрігер: 

- Сол кезде жергілікті қазақ халқы қамқорлық жасап, көп көмектесті. Бұл нағыз қонақжайлық қасиет пен мейірімділік, ынтымақтың үлгісі деп білемін. Атам корей, әжем метис, яғни түп тамыры орыс пен украиннен тараған. Қазақтың салт-дәстүрін толық білемін. Қазақтың ұлттық тағамдарының барлығын жасаймын.  

Виктория Батыс Қазақстан медицина университетінің түлегі. Ол білімін жетілдіру мақсатында ұзақ жыл  шетелдік клиникаларда тәжірибе шыңдаған.   Бүгінде қаладағы емханалардың бірінде қатерлі ісіктің алдын алу шараларын жүргізеді. Оның алдына келген әрбір жан тек кәсіби біліктілігіне емес, жылы сөзі мен қазақи болмысына тәнті болады.

Марат Бақбергенов, қала тұрғыны: 

- Қай нәрседе болса да, адам жылы сөйлессе, адам содан әжептәуір сенімділік пайда болады. Былай құлшыныс пайда болады ғой. Бұл кісінің сондай бір қасиеті бар. Мен енді аты-жөні, кәрістің аты-жөні ғой бәрі, фамилиясы бәрі. Бірақ келген уақытта қазақша сөйлегенде бір таңырқап қалдым. Қазақтан кем сөйлемейді, мысалы. Біздің қазақтың алфавитіндегі жаңағы әріптердің бәрін кәдімгі қазақтың қызы құсап айта береді. Бәрін мақал мәтелді де жақсы айтады. Медициналық терминнің бәрін қазақша айтады бізге, мысалы. 

Интернационалды отбасында өскен Виктория бүгінде қазақ әулетінің келіні. Ол бесікке салу, тұсаукесер мен беташар секілді жоралғыларды атқарып, қазақтың ұлттық тағамдарын шебер дайындайды. Оның әр бейсенбі сайын жеті шелпек пісіріп, ұжымына таратуы да қалыпты үрдіске айналған.

Гүлшат Елшібекова, емхана қызметкері: 

- Наурыз мерекесінде наурыз көжесін алып келеді. Ол жаңағы тек қана науқастарға емес, өзіміздің ұжымға өте мейірімді, білікті жан деп айта аламын. 

Ұлттық киімді ұлықтап, салтты санасына сіңірген Виктория Юн үшін басты мақсат – елін сүйетін, отанын қадірлейтін саналы ұрпақ тәрбиелеу. Себебі дәстүр сақталған жерде тәрбие мен береке де болады дейді ол.

Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Нұржан Мұзарапшин