Астанада Роза Бағланова атындағы халықаралық байқау өтеді
Астанада Роза Бағланова атындағы халықаралық вокалдық конкурстың екінші кезеңі өтеді.
Қатысушылар әйгілі әншінің репертуарындағы шығармаларды орындап, кәсіби шеберліктерін көрсетеді. Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылып отырған халықаралық конкурс екінші мәрте өтіп жатыр. Жоба жас вокалистерді қолдап, олардың кәсіби деңгейін арттыруға бағытталған. Биылғы конкурсқа өңірлерден және Түркия, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстаннан 137 өтінім қабылданды. Байқау қорытындысы ертең белгілі болады.
Ақан Әбдуәлі, Роза Бағланова атындағы "Қазақконцерт" мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының директоры:
- Бірінші онлайн кезеңнің қорытындысы бойынша кәсіби комиссия 20 қатысушыны іріктеп алды. Негізі 16 қатысушы болу керек болатын. Бірақ біз Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өзіміздің ұсынысымызбен бізді қолдап, 20 қатысушыға дейін рұқсат берілді. Қатысушылардың Роза Бағланованың репертуарындағы шығармаларды орындауы, байқауымыздың негізгі ерекшеліктерінің бірі. Бұл талап ұлттық музыкалық мұраны сақтау мен оны жаңа буын орындаушылары арқылы дамытуға бағытталған.