Биыл «Манас» эпосынының ресми қағаз бетіне түскеніне 170 жыл толады

Бұл жырды алғаш рет ғалым, ағартушы Шоқан Уәлиханов жазбаша түрге айналдырды. Сондықтан эпостың әлемдік деңгейде танылуы зерттеушінің есімімен тікелей байланысты.

Ұлы ғалым алғашқылардың бірі болып қырғыз халқының тарихы мен мәдениетін зерттеді. «Манас» әлемдегі ең ұзақ эпостардың бірі саналады. Бүгінде танымал нұсқаларының бірі 500 мың жолдан асады.

Шоқан Уәлиханов «Манас» эпосын 1856 жылы 26 мамырда қағаз бетіне түсіреді. Ыстықкөлге сапарында ғалым алғаш рет қырғыз манасшысын кездестіреді. Ғалым жырды үш күн бойы тыңдайды. Содан эпостың ең көрнекті бөлігі «Көкетай ханның асы» тарауын қағаз бетіне түсіреді. Ол шығарманы тек жазып алмай, оған терең талдау жасады.

Кенжехан Матыжанов, М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бас директоры:

- Шоқан бұл «Манас» эпосын «Илиада», «Одиссея» поэмасымен салыстырады. «Илиада» мен «Одиссея» бағасы қандай құнды болатын болса, қырғыздың «Манас» эпосы да осы сондай құнды дүние. Өйткені бүкіл қырғыздардың өмірінің барлығы, тарихы, әдебиеті осы «Манас» эпосында жинақталған.

Тарихшы Самат Өтениязовтың айтуынша, Шоқан Уәлиханов «Манас» эпосын «қырғыз энциклопедиясы» деп атаған. Бастапқыда жыр қағазға қырғыз тілінде араб қаріпімен түскен. Ғалым кейінен оны орыс тіліне тәжімалайды. Бұл тілдегі нұсқасын танымал шығыстанушысы Николай Веселовский қоғамға таныстырыпты. Осылайша, 1904 жылы эпос әлем әдебиетіне жол тартқан.

Самат Өтениязов, тарих ғылымдарының кандидаты:

- Шоқанның зерттеулерінің ішінде керемет нәрселер бар. Себебі ол өзі көзі қарақты болғаннан кейін, Манасты көріп таң қалды. Кішкентай халықта осындай «Манас» деген жыр бар екен. Манасқа қатысты қаншама зерттеулер шығарып жатыр Қырғызстанда. 

Манас эпосының араб қаріпімен жазылған түпнұсқасы 1970 жылы табылады. Оны көрнекті ғалым Әлкей Марғұлан жариялайды. Бұл да жырдың зерттелуіне қосқан айрықша үлес болды. Шоқан Уәлихановтың еңбегінің арқасында қырғыз халқының салт-дәстүрі мен тұрмысы әлемге паш етілді. 

Авторлары: Ернұр Рысбай, Радик Жакупов, Валентин Лобанов