Мәдениет қызметкерлері марапатталды
Жетісу облысы құрылғалы аймақта 32 мәдениет үйі салынған. Сала еңбеккерлерінің саны 89 пайызға өсіп, 2400-ден асты.
Бүгін Талдықорғанда мәдениет қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтті. Салтанатты шарада өнердің өркендеуіне үлес қосып жүрген азаматтарға «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі табысталды. Сонымен қатар мекемелер арасында өткізілген байқау қорытындыланды. «Үздік халық театры», «Үздік мәдениет үйі», «Үздік музей» атанған ұжымдарға қаржылай сыйақы берілді. «Халық» шығармашылығы орталығына темір тұлпар тарту етілді. Ал саналы ғұмырының 50 жылдан астамын өнер жолына арнаған Өмірсерік Араповқа «Құрмет» ордені тапсырылды. Өз ісіне шын берілген кәсіби маман мереке күні де Мұқан Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрімен бірге сахнада өнер көрсетті.
Өмірсерік Арапов, «Құрмет» орденінің иегері:
- Біріншіден ұстаз ретінде шәкірт тәрбиелеп, екіншіден аспапшы әртіс ретінде үшіншіден, композитор ретінде еліме еңбек сіңіріп келе жатырмын. Сол еңбегім бүгін ақталып, «Құрмет» орденімен марапатталдым. Өте қуаныштымын.
Айнаш Елубаева, Ақсу аудандық кітапханасының директоры:
- Ауданда негізі 22 кітапхана бар. Онда негізінен 45 адам жұмыс істейді. Кітап оқитын мемлекет атану үшін біз бар күш жігерімізді саламыз. Шығармашылық креативті жұмыстар атқаруға тырысамыз. Бүгін біз «Үздік кітапхана 2026» номианциясын алып отырмыз. Ол үшін өте қуаныштымыз.