Түркия президентінің Түркістан қаласына тартуы

Осман империясы дәуірінен жеткен қасиетті құранның баспа нұсқасы енді Түркістанда сақталады.

Алтын жалатылған құнды жәдігерді Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоған түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне сыйға тартты. 

Реджеп Тайип Ердоған кесенеге сыйға тартқан құран кітабы османдық каллиграф Ахмед Шемседдин Карахисаридің қолынан шыққан. 16-ғасырға тән туындының түпнұсқасы Түркияның Топкапы сарайындағы музейде сақталған. Мамандар бұл кітап ислам каллиграфиясының озық үлгілерінің бірі екенін айтады.

Берік Байболов, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының ғылыми-зерттеу және үйлестіру бөлімінің басшысы:

- Ол каллиграфияның ең үздік үлгісімен көшірілген нұсқасы болып табылады. Сол себептен оны тарихта "Карахисари құраны" деп айтылады. Жалпы құранның өлшеміне келетін болсақ, құран 62 см-ден 44 см құрайды. Құранның қалыңдығы 9 см, салмағы 16 келі болады.

Сыйға берілген құран кітап сирек кездесетін мәдени құндылық. Сондықтан бұл нұсқалар тек діни жәдігер емес, күллі түркі өркениетінің баға жетпес мұрасы, дейді ғалымдар.  

Берік Байболов, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының ғылыми-зерттеу және үйлестіру бөлімінің басшысы:

- Бұны енді музей-қорық арнайы мемлекеттік тізімге алып, біздің қорымызда сақталады және арнайы үлкен көпшілік шараларға, сыртта өтетін көрмелерге болсын, дипломатиялық кездесулердің кезінде біз міндетті түрде экспозицияға насихаттау мақсатында көрмелер ұйымдастырылып тұратын болады.

Бұл Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоғанның Түркістанға жасаған алғашқы тарихи тартуы емес, осыдан 11 жыл бұрын келгенде де Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне ерекше құнды құран кәрім нұсқасын табыстаған болатын.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш