М.Әуезовтің Вашингтондағы ізімен
1960 жыл. Қырғи-қабақ соғыстың ең шиеленіскен кезеңі. Вашингтон мен Мәскеу ядролық қару жарысында бір-біріне қырын қарап тұрған шақта АҚШ-қа қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов келеді. Бұл – жай туристік сапар емес, Хрущев дәуіріндегі «жылымықта» басталған сирек мәдени дипломатияның бір көрінісі еді.
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Мұхтар Әуезов 1960 жылы АҚШ-қа келген екен. Сол кезде алғаш түскен қонақүйі осы бір орын. Жазушының күнделігінде Шорм деп қысқаша ғана аталған осы бір мейманжай бірнеше қожайын ауыстырып, қазір Омни Шорм деп аталады. Әрине сол кезден бері ғасырға жуық уақыт өтсе де, сыны да, сыры да кетпеген осы қонақ үйдің Мұхтар Әуезов түскен 415-бөлмесі де әлі тұр. Бұл – 24KZ-тің эксклюзивті түсірілімі.
Мәскеуден бастап, Копенгаген-Нью-Йорк-Вашингтонға дейін жалғасқан ұзақ рейстен соң 18 ақпанда Мұхтар Омарханұлы дәл осы қонақүйге табан тірейді. Гостиница «Шорм», жақсы бөлме, 4-қабат деп, жақшаның ішіне 415 деген санды түртіп қояды. Қырғи-қабақ соғыс жылдары АҚШ мемлекеттік департаменті ұйымдастырған арнайы тур кеңестік қонақтарға аса сыйлы меймандар тоқтайтын қонақүйді бекіткен. XX ғасырдағы АҚШ президенттерінің инаугурацилық балы, әйгілі Битлз тобының концерті, эмиграциядағы Филиппин үкіметінің ресми резиденциясы секілді тарихи тұлғалар мен оқиғаларға куә болған ғимарат осыдан 66 жыл бұрын қазақ жазушысын да мейман еткен.
Иә, ол жылдары дәл мұндай теледидар мен тура осы жиһаз болмағаны анық. Алайда қонақүй әкімшілігі бөлме балконының баз қалпында тұрғанын айтты. Біз де Әуезов қараған балконнан ғасырдан аса тарихы бар Тафт көпіріне көз тастап, Рок Крик саябағының сан жылдық ағаштарына қарап біраз тұрдық.
М.Әуезов: «Вашингтонның ең алғашқы кештері мен ең алғашқы бірлі жарым күні ресми ұшырасулармен өтті. Алғашқы кеште біз өзімізден бұрын Американы аралап, енді қайтуға айналған жолдас Полянский бастаған советтік үкімет өкілдерін шақырған қонақта бірге болыстық. Ол Вашингтон жұртшылығына мәлім ескі едәуір естеліктермен байланысты қадірлі үй саналады екен».
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Бұл дәл сол америкалықтар алғаш қонақ еткен ғимарат. Жазушы естеліктерінде бұл жер «жас америкалық ақын Уолт Уитман соғыс кезінде санитар болып жұмыс істеген орын, сол үшін делегациядағы кеңестік ақын Щипачев ерекше әсерге бөленді» деп сипатталады. Иә, Алдымен 19 ғасырдың ортасында АҚШ Патент кеңсесі болып ашылған. Азаматтық соғыс жылдары жаралы сарбаздарды емдейтін емхана болып, бүгінде Смитсонның екі бірдей музейіне арналған өнер ордасы ретінде қызмет етеді. Кіру тегін.
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Келесі күні кешке кеңестік тарап америкалықтарды дәл осы сары ғимаратта қонақ етеді. Ол кезде КСРО елшілігі болған орын, бүгінде Ресей елшісінің резиденциясы. Ақ үйге жақын орналасқан. Мұнда Мұхтар Әуезов америкалық ағарту кеңесінің мамандарымен АҚШ бойынша алдағы сапарды жоспарлап, не көріп білгісі келетінін алға тартқан. Кешкі қонақасыда Дінмұхаммед Қонаевпен де осы жерде жолыққан. Қазақтың қос қайраткер тұлғасының Вашингтонда табысқан жері - осы. Одан бөлек, аталған ғимаратта америкалық 15 журналиспен баспасөз конференциясы ұйымдастырылған.
М.Әуезов: «Бізбен әңгімелескен бүгінгі журналистер аңғартқан бір жай болды. Ол –Америка оқушы көпшілігі совет әдебиеті дейтін көп ұлтты, көп тілді туыстас әдебиеттер қатары мол екенін біле қоймайтын тәрізді. Сонымен қатар және орыс совет әдебиетінің де бірен-саран өкілі болмаса, көпшілік жазушыны, көп ірі шығармаларды білмейтіні байқалды».
Бұны дәл осы «Америка әсерлерін» талдап, ағылшыншаға аударған Лос Анжелестік зерттеуші Деннис Кин де растап отыр. Қазақ мәдениеті мен тарихын назарға алған маман сол жылдардағы басылымдар салғырттық танытып, Әуезовтің ұлтын жазбағанын, көбіне қырғи қабақ соғыстың ықпалымен саяси астарлап хабар таратқанын айтады.
Деннис Кин, америкалық зерттеуші:
- Мен АҚШ-тағы газет мұрағаттарын ақтарып, Әуезов пен оның тобының сапары туралы материалдарды іздедім. Алайда бұл оңай болған жоқ. Себебі ол кезеңдегі америкалық басылымдар оларды көбіне жай ғана «қызылдар» немесе «орыстар» деп жаза берген. Ол кезде америкалықтардың Кеңес Одағы мен ондағы халықтар туралы түсінігі өте үстірт еді. Сондықтан Әуезовтің қазақ жазушысы екені де көп жерде нақты көрсетілмеген. Сол себепті мақалаларды табу үшін түрлі тәсіл қолданып, ақыры олардың жүрген бағыты мен сапар кестесін біртіндеп қалпына келтіре алдым.
Деннис Киннің тізімі бойынша бойлай отырып, Әуезов барған тағы бір ерекше ғимаратқа бет бұрдық.
М.Әуезов: «Вашингтонды аралау үстінде мұндағы мәдениет ескерткішінің ең зоры дерлік екі жайда болдық. Біреуі – Конгресс кітапханасы, екіншісі – Шекспир кітапханасы. Конгресс кітапханасының аты болмаса іс-заты жағынан Америка конгресіне байланысы жоқ кәдімгі кітапхана. Алайда дүниедегі ең бай кітапхананың бірі деседі. Мұнда он бір миллион кітап бар екен. Ішінде 21 оқу залы бар.
Қазір мұнда кітап саны 38 миллион болса, түрлі форматтағы қолжазба мен жинақтарды қосқанда 180 миллионаннан асып жығылады. Мұхтар Әуезов келгенде кітапхана мамандары оған орыс, ағылшын тіліне аударылған өз шығармаларын да ұсынған. Жылына Қазақстаннан елу шақты кітап келетін де алға тартқан.
Джоан Уикс, АҚШ Конгресс кітапханасының түркі әлемі жөніндегі жетекші маманы:
- Бұл – Хрущев бастамашылық еткен мәдени сапарлардың бірі еді. Мақсат – Кеңес Одағының әдебиеті мен ақындарын әлемге таныту. Сол сапарға Мұхтар Әуезов арнайы таңдалған. Әуезов Конгресс кітапханасына да барып, Үлкен залды аралаған болуы мүмкін. Сол жерде оған кітапхана қорындағы өз еңбектерін көрсеткен. Мен кейін сол кезеңге сәйкес келетін кітаптарды қайта қарап шықтым. Сондықтан Әуезовке дәл қай еңбектер ұсынылғанын шамамен анықтауға болады.
Конгресс кітапханасында 1991 жылдан бері қызмет ететін Джоан Уикс қазақ, орыс, ағылшын, украин тілдеріндегі Әуезовтың 100-ден аса кітабының сақталғанын көрсетті. Олардың дені «Абай жолы». Бұдан бөлек ардагер маман атауында «қазақ» деген сөзі бар 5 мыңнан аса кітап пен қолжазба бар екенін де атап өтті. Соның ішінде археология, тарих пен әдебиетке қатыстыларын америкалық оқырман сұрап тұратынын да тілге тиек етті.
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Бұл Вашингтондағы Мұхтар Әуезов естеліктерінің бір бөлігі ғана. Қазақ қаламгерінің күнделігіндегі өзге де айшықты сәттерді осы замандағы қалпымен салыстырып алдағы шығарылымдарда баяндаймыз.
Авторлары: Ердана Ержанұлы, Эндрю Фанг