Анкарада Ахмет Жұбановтың 120 жылдығы атап өтілді
Анкара төрінде қазақтың ұлы перзенті, композитор, дирижер, ғалым әрі академик Ахмет Жұбановтың 120 жылдығына арналған рухани кеш өтті.
Тағылымды шарада ғалымның шығармашылық мұрасы насихатталып, сирек суреттері қойылған фотокөрме көпшілік назарына ұсынылды. Ал кеш соңы Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінің концертіне ұласып, қазақ музыкасы Анкара төрінде әуеледі.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- «Әуенге айналған ғұмыр». Қазақ музыкасын күллі әлемге танытқан Ахмет Жұбановтың туғанына 120 жыл толуына орай ұйымдастырылған мына фотокөрменің әр бұрышы тұтас бір тағдыр, тұтас бір тарих. Сарғайған қолжазбалар мен үнсіз тұрған ноталардан тіршілік лебі сезіледі. Жұбановтың шығармашылық әлемі мұнда тек экспонат емес, тыныс алып тұрған рух іспетті. Оның халық күйлерін өңдеп, оркестрлік кеңістікке шығарған еңбегі қазақ музыкасына жаңа тыныс бергені анық байқалады.
Түрксой шаңырағында өткен тағылымды шарада Ахмет Жұбановтың есті суреттері мен ескі қолжазбалары көпшілік назарына ұсынылды. Экспозицияға қойылған сирек суреттер еліміздің ұлттық орталық музейінің қорынан әкелінген. Қазір музейде академиктің мұрасына қатысты 4 мыңнан астам жәдігер сақталған.
Қайрат Тарбаев, ҚР Ұлттық орталық музейінің бөлім жетекшісі:
- Бұл фотокөрмеде Ахмет Жұбановтың сонау балалық шағынан бастап академик дәрежесіне көтерілгенге дейінгі бүкіл өмір жолы суреттерден көрініс тапқан. Оның ең бірінші Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық аспаптары оркестірінің ең алғашқы құрамымен түскен сурет бар, бұл жерде академик Мұхтар Әуезовпен бірге пікірлесіп отырған суреттері бар. Бұл жерде сол Құрманғазы оркестірінің концертінде өзі дирижерлық басқарып тұрған суреттері бар.
Ахмет Жұбанов ғасырлар бойы ауыздан ауызға жеткен қазақтың күйі мен әуезді әнін сақтап, нотаға түсірді. Кейін оны кәсіби деңгейге көтерді. Осылайша ұлттық музыканың іргетасын қалады. Академиктің мұрасына арналған мазмұнды басқосуда ғалымдар оның шығармашылық һәм ғылыми мұрасын кеңінен талқылады.
Ерхан Өзден, Анкара музыка және өнер университетінің ректоры:
- Ахмет Жұбанов ұлттық музыканы сақтап қана қоймай, оны кәсіби деңгейге көтеріп, келер ұрпаққа аманаттап кетті. Сондықтан Жұбановты мәдениет пен өнер арқылы халқына қызмет еткен нағыз халық қаһарманы деп бағалауға болады. Бүгінде түркі елдері арасындағы мәдени және білім саласындағы ынтымақтастықтың нығаюы да осындай тұлғалардың мұрасымен сабақтасып жатыр.
Ғалымның ағартушылық жолы да қазақ мәдениетінің тарихымен біте қайнасып жатыр. Оның бастамасымен негізі қаланған білім ордасы бүгінде қазақ музыкасының қара шаңырағына айналды.
Ерназар Ғимарат, А. Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған қазақ музыка мектебінің оқытушысы:
- 1964 жылға дейін Ахмет Қуанұлы Чайковский атындағы қазіргі Алматы музыкалық колледжінің директоры орынбасары болатын. Сол кезде Ахмет Қуанұлы бірінші болып Қазақстандағы музыкалық оқу орындарына арналған жүйе қалыптастырады. Сол жүйе бойынша бүкіл Қазақстан, біз әлі күнге дейін оқып келеміз білім алып.
Иә, Жұбанов халық жүрегінде сақталған ән мен күйді көзінің қарашығындай сақтап, оны тұтас оркестрдің тілімен сөйлетті. Бір топ домбырашыдан құралған шағын ұжым бүгінде музыканттың мұрасын жалғаған алып өнер ордасына айналды.
Әсет Жұмабаев, Құрманғазы Атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптары оркестрінің артисі:
- Құрманғазы оркестрінің өзі о бастан 1934 жылы Ахмет Жұбановтың құрғаны тарихтан белгілі. Және де 11 адамдық домбыра ансамблінен құрылған ансамбль жылдар өте келе әр домбыраның түр-түріне байланысты, дыбыс, диапазонына байланысты шеберлердің еңбегінің арқасында домбыра үлкен жанұялы болды.
Осылайша Анкара төрінде домбыраның күмбірі мен баянның биязы үні үндесіп, қазақ руханиятының асыл мұрасы тағы бір мәрте ұлықталды. Бұл кеш ұлы тұлғаның мерейтойын атап өтумен ғана шектелген жоқ. Ол ұлт жадында сақталған әуеннің қайта жаңғырып, өнердің ғылыммен, тарихтың бүгінмен табысқан тағылымды сәтіне айналды.
Ә.Нұрлыбаева, Ж.Сүйіндіков