Алматылық дизайнер ерекше үстел шамдарын жасайды

Алматылық дизайнер Болат Ілиясов ерекше үстел шамдарын жасайды.

Бұл шамдар қала тұрғындарына жақсы таныс кеңестік үлгідегі панельді үйлердің шағын көшірмелері. Бұл миниатюраларда ықшам аудандардағы тоғыз және он екі қабатты үйлердің қасбеттеріне тән ерекше геометриясы дәл берілген. 

Алматылық Болат Ілиясовтың ас үйін шағын құрылыс алаңы дерсіз. Мұнда ол панельді үйлердің миниатюралық көшірмесін жасайды. Әр бөлшегінде кеңестік тұрғын үй құрылысының үлгілері сақталған, тек бетон панельдердің орнына фанер пайдаланады. Бөлшектер алдымен лазермен кесіліп, қолмен құрастырылады. Үйлер шынайы көрінуі үшін шебер түрлі материалдар мен әдістерді жасап көрген. Нәтижесінде бетон қабырға бейнесін арнайы губкамен бояу тәсілі арқылы жасап шығарды.

Болат Ілиясов, дизайнер:

- Университетте оқып жүрген кезде мен үйге жиі жаяу қайтып, үйлердің терезесіне көз салатынмын. Маған үйлердің ішіндегі жайлылық пен жылулық қатты ұнайтын. Үй иелерінің қонақ бөлмеде немесе ас үйде жиналып отырғанын көресің. Сол көрініс бірден жүрекке жылу береді. Қыс мезгілі қардың үстімен жүріп келе жатасың, ал іште жылы, жарық, жайлы өмір. Мен осы сезімді түнгі шамдар арқылы жеткізгім келді.

Болат Ілиясов терезелер мен жарық беретін өрнектерді түрлі-түсті акрилден және арнайы пленкадан жасайды. Алғашқы үлгілер электр желісі арқылы жұмыс істейтін. Кейін аккумуляторға қосылатын нұсқалары да пайда болды. Шеберге миниатюралық көп қабатты үйлерді жасауға жұбайы Валерия көмектеседі. Ол Алматыда өссе де бұрын панельді үйлерге аса мән бермегенін айтады. Кішкентай үйлер басқа жаққа көшіп кеткен қазақстандықтар үшін де ыстық. Олар үй пішініндегі шамдар арқылы өз ауданын еске алады. 

Валерия Ілиясова, жұбайы:

- Жолдасымның айналасына басқаша көзқараспен қарайтыны таңқалдырады. Осы үйлерді байқап, көңіл аудара бастады. Соның арқасында мен де оларға назар аудара бастадым. Бұрын мен балкондарға да, панельді үйлердің басқа бөлшектеріне де онша мән бермейтінмін. Ал қазір өзім де шабыт аламын, шынымен де бізде өте керемет, ерекше үйлер бар екен.

Қазіргі коллекция Алматының ықшам аудандарының басты символдарына арналған «Ақсай», «Орбита», «Саяхат», «Тастақ» деп кете береді. Үлгілер қасбет элементтерімен ерекшеленеді. Болат Ілиясов енді сталиндік және хрущёвтік үйлердің миниатюраларын жасап көрмек.

Гүлжан Көленқызы, Индира Унгарбаева, Радик Жакупов