Мәскеудегі қазақ тілі мен домбыра курсы
Мәскеуде қазақ тілі мен домбыра курсы ашылды. Осылайша балаларға жазғы демалысында қазақ халқының бай мәдениетімен жақынырақ танысуға үлкен мүмкіндік беріліп отыр.
Мәскеудегі қазақ руханиятына арналған курс демалыс күндері өтеді. Негізі мұнда балалар ғана емес, барлық жастағы адамдар тәлім алуға болады. Олар қазақ тілі мен домбырадан басқа ұлттық билер мен қолөнерді де үйрене алады.
Айшат Байғазиева, ұстаз:
- Бізде 5 оқытушы бар. Екеуі қазақ тілінен сабақ береді. Бастаушы және жалғастырушы топтар ашылған. Тағы 2 педагог домбырада ойнауды үйретеді. Ал бір ұстаз биге жауап береді. Бұдан бөлек, біз қолөнер бойынша шеберлік сабақтарын өткіземіз. Көрпе тігуге баулимыз. Балалар ұлттық ою-өрнек және басқа дәстүрлі өнер нақыштарымен танысады.
Осы игілікті істің бәріне мұрындық болып отырған – Қазақ мәдениетінің орталығы. Ол 2 жылдан бері жұмыс істейді. Ансамблі де бар. Онда 20-ға жуық адам өнер көрсетеді. Қатары күннен күнге толығып келеді.
Дарина Шәріпқалиева, оқушы:
- Негізі домбырамен айналысып келе жатқаныма 2 жылдан асты. Қазірдің өзінде «Домбыра», «Қазақ осы» деген қазақ әндерін айта аламын. Одан бөлек «Ерке сылқым», «Балбырауын», «Адай», «Ата толғауы» деген күйлерді тартамын.
Орталық шәкірттері мәдени бағдарламалар аясында түрлі фестивальдар мен кәнсерттерге қатысады. Ол жерлерде ұлттық киім киіп, түрлі әшекейлер тағып, қазақ өнерін насихаттап, төл болмысын паш етеді. Сабақтар еркін форматта өтеді.
Альмира Мусина, оқушы:
- Біз мұнда аптасына бір рет келеміз. «Ер Тұран», «Балбырауын» деген 2 күйді емін-еркін ойнай аламын. Сабағымыз 3 сағатқа дейін созылады. Уақыттың қалай өткенін аңғармай қаламыз. Ән айтып, шеберлігімізді шыңдаймыз, талқылаймыз. 2 рет Вологда қаласына, былтыр Сочиге бардық.
Сабақтар Қазақстанның Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіндегі павильонда өткізіледі. Бұл күніне мыңдаған қала тұрғыны мен туристер келетін өте танымал орын.
Авторлары: Ернат Рахметолла, Наргиз Рақымжан