Шымкентте қала күніне орай ақындар айтысы өтті

Шымкентте қала күніне орай республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылды. Ұлттық өнер додасы жергілікті биліктің қолдауымен «Шырайлы, шеЖірелі құтты мекен» тақырыбына арналды.

Рухани шараға елдің әр өңірінен кіл мықтылар қатысып, қаланың тарихы мен оң өзгерістерін жырға қосты.

Төл өнерді тамашалауға көрермен көптеп жиналды. Сахнада елімізге танымал 12 ақын өзара жұп құрып, сөз сайысына түсті. Өнерсүйер қауым ақындардың әрбір ұтымды ойы мен өткір әзілін зор қошеметпен қабылдады.

Мәнет Шырақбай, Маңғыстау облысының тұрғыны:

- Айтысқа қатысушылардың ішінде мықты ақындар бар екен. Соларды тыңдағым келді. Айтысқа қатты көңілім толады. Соңғы айтыстарда айтқан түйнек-түйнек ойлары ешкімді бей-жай қалдырмайды деп ойлаймын.

Суырыпсалма ақындар ел бірлігін насихаттап, ұлттық құндылықтарды жырлады. «Шырайлы, шежірелі құтты мекен» тақырыбында Шымкенттің тарихы мен дамуын арқау етті.

Жансая Мусина, айтыскер:

- Шымкенттің бір ерекшелігі жыл сайын ұлттық өнерімізді дәріптеп, ақындарды насихаттап, шаралардың ішіне айтысты қосып отырады. Ең бастысы мерекеге қуанып, тойлап жатқан халықтың көңілінен шықса екен деген тілегім бар.

Ұлттық өнерді ұлықтауды мақсат еткен ұйымдастырушылар ауқымды іс-шараның маңызын арттыра түсті. Айтыстың тізгінін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтай ұстады. Сөз маржанын терген дүлділдерден құралған қазылар алқасына дәстүрлі өнердің абызы Жүрсін Ерман төрағалық етті.

Қазылардың шешімімен төл өнердің Бас жүлдесі Шымкент қаласының намысын қорғаған Біржан Байтуовқа бұйырды. Ал бірінші орынды елордалық ақын Иран-Ғайып Күзембаев қанжығасына байлады. Ұйымдастырушылар бұл рухани доданың бұдан былай қала күні аясында дәстүрлі түрде өткізілетінін жеткізді.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов