Республикалық «Үкілі домбыра» байқауы өтті

Түркістанда Ұлттық домбыра күніне орай дәстүрлі «Үкілі домбыра» республикалық байқауы өтті. 

Оған елдің әр өңірінен келген этнос өкілдері қатысып, дәстүрлі ән, күй, терме аталымы бойынша сынға түсті. 

«Үкілі домбыра» республикалық байқауы биыл Түркістанда алғаш рет ұйымдастырылды. Бұған дейін облыс деңгейінде өткізілетін. Ұлттық домбыра күніне орайластырылғандықтан қатысушылардың деңгейі мен өнеріне, аспапта ойнау шеберлігіне ерекше назар аударылды. Қарағандылық Жамал Дзюба орыс ұлтының өкілі болса да домбыраның құлағында ойнап, көреремендерді өнерімен тәнті етті.

Жамал Дзюба, байқауға қатысушы:

- Кішкентай кезімнен бастап домбыраға қатысқан болатынмын. Бүгінгі республикалық «Үкілі домбыра» байқауына күй аталымы бойынша қатысып, Тәттімбеттің «Сылқылдақ» күйін орындадым. Сонау арқа елінен келіп, өз өнерімді көрсетіп жатырмын.

Сабир Гусейнов, байқауға қатысушы:

- Менің ойымша, қазақтың әр аспабы ерекше. Домбыра, қызқобыз, шаңқобыз болсын. Бүгін мен мультиинструменталист ретінде Дәулеткерейдің күйі Көрұғлыны тарттым. Біздің басты мақсатымыз – қазақтың мәдениетін жастарға жеткізу. 

Этнос өкілдері арасындағы байқауға еліміздің әр өңірінен келген 15-35 жас аралығындағы жастар қатысып, дәстүрлі ән, күй және терме аталымы бойынша өнер көрсетті. Сауран ауданынан келген Юлдуз Бектемірова «Дәстүрлі ән» аталымы бойынша бірінші орынды жеңіп алды. 

Юлдуз Бектемірова, дәстүрлі ән аталымы бойынша жеңімпаз:

- Барлықтарыңызға рақмет! Бүгінгі көңіл күйім өте күшті. Себебі бірінші орын алдым. Бәрі әділ өтті деп ойлаймын. Қазылар өздерінің жақсы пікірін айтты. Менің қарсыластарым да осал емес, қорықтым бір жағынан. Десе де жүлде қолда. 

Байқаудың басты мақсаты – этнос жастары арасында қазақ халқының ұлттық өнері мен мәдени мұрасын кеңінен насихаттау, қасиетті домбыраның қадір-қасиетін дәріптеу, ұлттық құндылықтарға деген құрметті арттыру. «Сондай-ақ дарынды жас орындаушыларды анықтап, олардың шығармашылық әлеуетін қолдау», - дейді шараны ұйымдастырушылар.

Эльмира Жанғазиева, жоба жетекшісі:

- Өте жоғары деңгейде дайындалып келген десек болады. Әсіресе Алматы облысынан келген түрік этносының өкілі домбыраға түрлі ұлттық аспаптарды қоса орындауы – әділқазыларды тәнті етті. Үлкен алғысымызды білдіреміз жастырымыздың құндылықтарымызды жоғары деңгейде дәріптеп жатқаны бізді өте қуантады. 

Байқау жеңімпаздары әр аталым бойынша марапатталып, қаржылай сый-сияпатқа ие болды. Олардың жетекшілеріне де құрмет көрсетілді.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Домбыра – бұл жәй ғана музыкалық аспаб емес. Бұл – ұлттық үні, ділі мен тілі һәм рухы. Ғасырлар бойы Қазақ халқының жаны мен ары, мұңы мен шері осы қара домбыраның қос шегі арқылы сүйекке сіңіп, қанымызда тулап жатты. Олай болса, ұлттық өнеріміздің қайнар бұлағына айналған асыл домбыраны дәріптеп, насихаттау – ұлтымыздың бай мәдениетін асқақтатып, рухын көтереді. Бұдан ұлттың өнері ұтпаса, ұтылмасы анық.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш