Қазақстанның тарихи нысандарына 784 мыңнан астам адам саяхат жасады
Еліміздің тарихи-мәдени мұра нысандарына қызығушылық артып келеді. 2026 жылдың алғашқы алты айында Қазақстандағы музей-қорықтарға 784 мыңнан астам адам саяхаттаған, деп хабарлайды «24KZ».
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, осы кезеңде тарихи-мәдени нысандарда 7 638 экскурсия ұйымдастырылып, 198 көрме өткізілді.
Бүгінде музей-қорықтар еліміздегі мәдени туризмді дамытудың негізгі бағыттарының біріне айналып отыр. Олар археологиялық ескерткіштерді, тарихи орындарды, мемориалдық кешендер мен ашық аспан астындағы бірегей мұра нысандарын біріктіреді.
Қазақстандағы танымал музей-қорықтардың қатарында Ұлытаудағы Жошы хан мен Алаша хан кесенелері, Теректі әулие мен Әулиетау тарихи орындары, Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы мен Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, сондай-ақ мыңдаған петроглифтерімен белгілі Таңбалы музей-қорығы бар.
Музей-қорықтарда экскурсиялық жұмыстармен қатар, тарихи мұраны сақтау бағытындағы ғылыми зерттеулер мен реставрациялық жұмыстар да жүргізілуде. Мәселен, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде ескерткіш құрылымдарының беріктігін сақтау мақсатында ғылыми зерттеу жұмыстары атқарылса, Сарайшық қалашығында ғылыми-реставрациялық жұмыстар жалғасып, тарихи жерлеу орындары қалпына келтірілді.
Биылғы алты айда музей-қорықтарда 4 ғылыми конференция өтіп, 4 жоба жүзеге асырылды. Сонымен қатар «Есік» және «Берел» музей-қорықтарының мамандары Түркия, Польша және Қытай елдерінде архив қорларын зерттеу бойынша тағылымдамалардан өтіп, халықаралық ғылыми экспедицияларға қатысты.
Ғылыми зерттеулер нәтижесінде 9 ғылыми мақала жарық көрді. Оның ішінде халықаралық ғылыми дерекқорлар мен салалық басылымдарда жарияланған еңбектер де бар. Бұдан бөлек, отандық және шетелдік ұйымдармен бірлесіп, 25 ынтымақтастық туралы меморандум жасалды.
Музей-қорық өкілдері Анкара, Сиань, Якутск және Астана қалаларында өткен халықаралық форумдарға қатысып, тарихи-мәдени мұраны сақтау және насихаттау бағытындағы тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ саладағы 10 маман мемлекеттік наградамен марапатталды.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз