Анкарада қазақтың жыраулық өнері ұлықталды

Қазақтың ғасырлар қойнауынан тамыр тартқан жыраулық өнері – ұлттың рухани жадын сақтаған асыл мұра. Оны түркі жұртына ортақ құндылық ретінде дәріптеп, зерттеу үшін түркі елдеріне ортақ дәстүрлі өнер академиясын құру қажет. Анкарада 9 рет өткен халықаралық Еуразия спорт, білім және қоғам конгресінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі жырау Алмас Алматов осындай ұсыныс айтты. Музыка өнеріне арналған панельдік отырыста ғалым қазақ жыраулық өнерінің тарихына тоқталып, оның ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан рухани сабақтастығын атап өтті. Басқосуда түркі елдерінен келген ғалымдар дәстүрлі өнердің тағылымдық мәнін талқылады, деп хабарлайды 24KZ.

Алмас Алматов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, жырау:

- Түркі халықтарына ортақ түрік дәстүрлі өнер академиясы құрылып, сол бірлестік арқылы жұмыс істеген абзал. Өйткені бұл форумдар бір күндік қана. Ал түркі халықтарының академиясы құрылып, өздерінің мүддесі менен бүкіл мәдени мұраларын зерттейтіндей күн болса, ол уақытта біз болашаққа қарай жылжимыз.

Илхаме Гасабова, Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясы фольклор институтының ғалымы, фольклортанушы:

- Орталық Азия мен Әзербайжанда жыраулық дәстүр әр түрлі аталғанымен, барлығының арқауы бір. Мақсаты – жыр-дастанды халыққа жеткізу, сол арқылы ортақ мәдени құндылығымызды дәріптеу. Мәселен, бүгін Қазақстаннан келген профессор көмеймен ән айту өнерін көрсетті. Әзербайжанда мұндай үн кеуде тұсынан шығады. Бұл әр халықтың өзіндік орындаушылық мектебі қалыптасқанын көрсетеді.

Анкарада Түркі әлемі музыкалық ансамблінің тұсауы кесілді 

Ғылыми пікір алмасу мазмұнды рухани кешке ұласып, қазақ жыраулық өнерінің үні Анкара төрінде қалықтады. Алмас Алматов қазақтың жыр-термесінен үзінді орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ тұсауы сол кеште кесілген түркі әлемі музыкалық ансамблі бауырлас халықтардың әуезді әндерін әуелетіп, ортақ мәдени мұрамызды паш етті. Түркі елдерінің студент музыканттарынан жасақталған өнер ұжымына қазақстандық жас жыршы-термеші, Анкара музыка және өнер университетінің докторанты Малика Алдамжарова жетекшілік етеді.

Малика Алдамжарова, YANKI түркі әлемі музыкалық ансамблінің көркемдік жетекшісі:

 – Бұл ансамбльдің ерекшелігі - бұл жерде Түркияға тиесілі инструменттер емес, бүкіл Орта Азияның домбыра сияқты ұлттық аспаптары бар. Солармен Орта Азияның репертуарларынан біз концерт қойып жатырмыз.

Сондай-ақ оқыңыз: