Қазақ әртістері корей жұртын тәнті етті

Сеул мен Кванджу қалаларында Орталық Азия елдері өнерпаздарының концерттері өтті. Олар қазақ және корей халық әндерін шырқап, көрермен қошеметіне бөленді.

Халық вокалистерінің концерті Корея мен Орталық Азияның Достық күні аясында өтті. Ауқымды іс-шара аймақ елдерінің алдағы саммитіне екі ай қалғанын еске салу үшін ұйымдастырылды. Фестивальде Қазақстан атынан әпкелі-сіңлілі Тілеубектер өнер көрсетті. Олардың әрқайсысы екі шығармадан, яғни  қазақ және корей әндерін орындады.

Айта кетерлігі, қыздар кәсіби музыканттар емес: Ақкербез мамандығы бойынша химик-инженер, ал Әйгерім халықаралық қатынастар факультетінде оқиды. Дегенмен олар бала кезінен ата-анасы – танымал әртістер Медет Салықов пен Клара Төленбаевамен бірге сахнаға шығып жүр. Көрермен қазақстандық қонақтарды ұзақ қол шапалақтаумен қарсы алды.

Ким Мин Джон, тележүргізуші:

- Аккербез Тілеубек қазақ халық әнін керемет орындады. Қазақстанның шексіз даласында атпен шауып келе жатқандай әсер қалдырды. Әртіс сахнада тұрып өзінің бойын кернеген отанға деген сүйіспеншілігін жеткізе білген сияқты.

Ақкербез Тілеубек, әнші:

-Осыған дейін Кореяның дәстүрлі ән орындау өнерінде «пхансори» деген стиль бар екенін білдім. Содан кейін пхансори орындаушыларының бейнежазбаларын зерттеуге тырыстым. Айна алдында олардың дауыс шығару тәсілін, дауыс қоюын, тыныс алу ерекшеліктерін қайталап көрдім. Өйткені олардың орындау мәнері қазақтың дәстүрлі ән айту мектебінен едәуір ерекшеленеді. Мысалы, қазақтың дәстүрлі әнінде дыбысты таңдайға көтеріп, алға бағыттап, езуді ашып айтуға мән берілсе, дыбыс негізінен тік шығады. Ал пхансори орындауында вибрация көбірек қолданылады және дауыс тынысқа көбірек негізделеді. Сондықтан ән айту тәсілімізді біраз өзгертуге тура келді.

Айкерім Тілеубектің орындауындағы корей халық әні - «Чиндо Ариран» фестивальдің ең үздік нөмірлерінің бірі болып танылды.

Айкерім Тілеубек, әнші:

- Біздің қасымызда Сеул университетінде корейдің дәстүрлі әні мамандығында білім алып жүрген бір әнші болды. Біз одан: «Жалпы орындауымыз қалай шықты? Ұнады ма?» – деп сұрадық. Сонда ол: «Иә, өте жақсы екен», – деп өзінің оң бағасын берді.

Ким Хо Сан, Азия ұлттық мәдениет орталығының ғылыми қызметкері:

- Бастапқыда қыздар корейдің «Ариран» халық әнін лайықты орындай ала ма деп алаңдадым. Алайда олар тамаша өнер көрсетті. Кванджу қаласының жұртшылығы оларды өте жылы қабылдап, зор қошемет көрсетті. Әртістер шығарманың ырғағы мен мазмұнын соншалықты шебер жеткізе білді. Тіпті көрермендер корей тілін түсінбесе де, орындаушылардың өнеріне тәнті болып, үлкен әсер алды.

Концерттің барлық қатысушыларына марапаттар табысталды. Фестиваль дәстүрлі корей киімдерінің жарқын сән көрсетілімімен аяқталды.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян