Елімізде ұлттық қолөнер мектебі ашылады

Елде ұлттық қоленер мектебі ашылмақ.

Ерекше жобаға іріктеу биыл мамырда басталды. Сыннан сүрінбегендер Астанада арнайы оқу курсынан өтеді. Ұйымдастырушылар осылайша халқымыздың дәстүрлі қолөнерін жас ұрпақ бойына сіңіруді көздейді.

Бектас Кәрімұлы сүйектен түйін түйген шебер. Өз жұмыстарында ол көбіне ірі қара малдың жауырынын пайдаланады. Оның да өз себебі бар. Біріншіден, халқымызда жауырын ерекше қасиетті боп саналады. Сондай-ақ оның жалпақ пішіні түрлі бейнелерды оюға ыңғайлы. Ерекше кәсіпті 2014 жылы меңгерген ақсақал байқауларға тұрақты түрде қатысып келеді.

Бектас Кәрімұлы, сүйек шебері:

-  Алғашқы мен Магаданға барғанда Шығыс Сібірде, соған апарған жұмыс. Сол жолы бірінші орын алып қайтқанбыз. Осында тұрған жұмыстардың көбі сол байқауға апарып, қатыстырып жүрміз. Өйткені, дүние жүзінде жылына екі рет жүреді Шығыс Сібір өлкесінде. Сүйек өнері байқауы өтеді дүниежүзілік. Осыған тұрақты қатысып жүрмін.

Ал үржарлық Ертай Алтайұлы 2009 жылдан бері зергерлікпен айналысады. Ол шеберлерден арнайы білім де алған екен.

Ертай Алтайұлы, зергер:

- Ұлттық зергерлік өнердің көптеген бағыты бар. Әр зергер өз бағытын ұстанады. Мысалы, біреу құйма жағынан жасайды. Менің өзімнің ұстанып отырған бағытым құрама жұмыстар көбіне. Кесіп алу, сым кәптеу секілді тәсіңлдерді қолданам. Қазақтың ұлттық ою-өрнектері, қазіргі стильдерді қолданам. Абстракциялық ою-өрнектер қазіргі жастардың көңілін аулау үшін.

Шебер соңғы жылдары ұлттық нақыштағы әшекейлерге жастар арасында сұраныс артқанын айтады. Сондай-ақ, баспанасын этно стильде безендіретін жандардың қатары көбейген. 2019 жылдан бері киізден сырмақ жасаумен айналысып жүрген Әлия Қалиасқарова кейінгі жылдары тапсырыс жиі түсе бастады дейді.

Әлия Қалиасқарова, киіз шебері:

- 90 пайыз кілемдеріміз шетелге кетіп жатыр. өкінішке қарай. Енді-енді халқымыздың қызығушылығы өсіп, енді-енді сәнге кіріп жатыр деп айтуға болады үйлерін табиғи материалдармен, сосын ұлттық нақышта безендіру деген. Соған сәйкес сұраныс та көп.

Қолөнершілердің барлығы білгенін жас ұрпаққа үйретіп, ата кәсіпті жаңғыртуды қалайды. Осы орайда, Ұлттық қолөнер мектебі өз жұмысын бастап отыр. Республикалық жоба аясында үздік 10 шебер таңдалған. Жақын күндері олар 8 бен 20 жас аралығындағы жасөспірімдерге дәстүрлі өнердің қыр-сырын үйретеді.

Таңшолпан Жауынбай, «Ұлттық қолөнер мектебі» жобасының үйлестірушісі:

- Оқушылар, колледж студенттері мен ЖОО студенттерінен 452 өтінім келіп түсті. Қазір біз оларды белгілі бір жас ерекшеліктеріне байланысты топтарға бөліп жатырмыз. 20 топ болады. Кіші топ және де ересек топ. Олар осы қордың Қазақ креатив хабына келіп, осы жерде белгіленген кестеге сәйкес оқытуларды бастайтын болады. 

Ұлттық қолөнер мектебі алғашқы дәрісін 27 шілдеде бастауды жоспарлап отыр. Онда жоба қатысушыларына елдегі сұранысқа ие қолөнер түрлерін меңгеруге бір ай уақыт беріледі.

Серік Селеубайұлы, Артем Грапов, Самат Қазанбаев