«Славян базары» жүлдегеріне ₸1 млн табысталды

Қонаев қаласының тұрғыны «Славян базары» халықаралық байқауында І дәрежелі лауреат атанды. 19 елдің таланттары бақ сынаған өнер додасында қазақстандық әнші тек Италия өкіліне есе жіберді.

Бүгін қала әкімі жас өнерпазды арнайы қабылдап, жеңісімен құттықтады.

Сегіз жылдық еңбек пен табанды дайындық Ақеркені халықаралық сахнаға алып шықты. 25 жастағы әнші осы уақыт ішінде байқаудың іріктеу кезеңінен сегіз рет өтуге талпынып, биыл арманына жетті. Екі күнге созылған додада 134 ұпай жинап, І дәрежелі лауреат атанды.

Ақерке Амалят, «Славян базары - 2026» халықаралық байқауының І дәрежелі лауреаты:

- Бұл сайысқа кез келгенді апара бермейді. Бұл жерге тек таланттарды ғана апарады. Сол үшін ол жерге барғанның өзі бізге үлкен күш береді. Сахнаға шығардың алдында қатты уайымдадым, бірақ сахнада өзімді жинап, өте жоғарғы деңгейде өнер көрсеттім деп ойлаймын. Қазақстанның туын тағы да көкке желбіретіп, өте қатты қуанышта қайтып келдім.

Ақерке Қонаев қалалық мәдениет үйінде жұмыс істейді. Мәдени шаралардың бел ортасында жүрген жас әнші бұның алдында әкімдік пен қоғамдық қордың қолдауына ие болған. Ал халықаралық байқаудағы жарқын жеңісіне орай қала әкімдігі 1 миллион теңгеге сертификат табыстады.

Сергей Горяной, облыстық Мәслихат депутаты:

- Жерлесіміздің халықаралық байқауға қатысатынын естігенде қолдау көрсетуге бірден келістік. Осындай талантты жастарға әрдайым демеу беру керек. Ақерке елдің абыройын асқақтатып, жеңіспен оралды. Сондықтан оған ақшалай сыйлық табыстап отырмыз. Бұл оның шығармашылығын одан әрі дамытуға септігін тигізеді деп сенемін.

Айта кетейік, дәстүрлі түрде Витебсктегі «Славян базары» фестивалі халықаралық өнер сайыстарының ең беделдісі саналады. Биыл да байқау әлемнің 19 елінен келген талантты орындаушылардың басын қосты.

Авторлары: Гүлім Советқан, Аят Дүйсембай