Аида Балаева халықаралық музыкалық байқаулардың жүлдегерлерін құттықтады
Өнерімен өзге елде топ жарған қазақстандық жас өрендерге құрмет көрсетілді.
Бүгін Премьер-министрдің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева халықаралық музыкалық байқауларда, жүлделі орындарға ие болған қазақстандық жас өнерпаздармен кездесті. Кездесуге Ақерке Амалят, Жасмина Түзелова, Ален Басен, сондай-ақ олардың ұстаздары мен ата-аналары қатысты.
Славян базарының сахнасында ел мерейін үстем етіп, топ жарған қос жұлдыз осылар. Жеңімпаздардың алған әсерлері де, айтары да көп. Төрге шыққан мәртебелі меймандарды Аида Балаева құттықтап, ерекше таланттарын атап өтті. Лауреаттарға лебізін білдірген үкімет басшысының орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі президент елде адами капиталды дамытуға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. Жаңа Ата Заңда мәдениет пен ұлттық құндылықтар мемлекетті дамытудың маңызды негіздерінің бірі ретінде бекітілген. Сондықтан дарынды балалар мен жастарды қолдауға ұдайы іске асыралады. Сіздерге жаңа белестер мен шығармашылық табыс тілеймін, деді вице-премьер.
Ақерке Амалят, «Славян базары» халықаралық өнер фестивалінің жеңімпазы:
- Бізде ең мықты вокал мектебі бар деп айтуға болады. Біздің ұстаздарымызға мың рақмет! Академияға рақмет. Шынымды айтсам, Қазақстан десең бәрі қорқатыны рас. Өздері де айтады сендер бірінші немесе бас жүлдені алып кетесіңдер деп. Шынын айтқанда, бұл байқау славян елінде өте үлкен байқау боп саналады екен.
Ақерке Амалят үшін бұл жеңістің мәні зор. Себебі ол «Славян базары» байқауына қатысу үшін 8 рет іріктеуге келген. Енді міне көп жылғы еңбегі лайықты бағасын алып, 19 елдің қатысушылары арасынан үздік шықты.
Жасмина Түзелова осы фестивальдің балалар арасындағы байқауында ІІ орынға ие болды. Қызының бойындағы талантты алғаш таныған анасы екен. Бірден қабілетін байқап, оны шыңдауға кіріскен. Қазір Жасминаның да арманы бөлек. Димаштай әлемге қазақ өнерін танытқысы келетінін жасырмады.
Жасмина Түзелова, «Славян базары» халықаралық өнер фестивалінің II орын иегері:
- Іріктеуге мен 4-5 жыл бойы қатыстым. Осы жетістікке келу үшін. Енді бірінші рет қатысып отырмын. Кәдімгідей қазір жүк түскендей болды. Қиын бұл конкурс. Сәуір айынан бастап дайындалдық тоқтамай.
Жас талант Ален Басен де қазақ өнерін әлемге танытқан жұлдыз. Ол Италияда өткен XXXVII Rovere d'Oro халықаралық музыкалық байқауында жеңімпаз атанды. Кездесу барысында жас өнерпаздардың кәсіби қалыптасуына үлес қосқан ұстаздар мен ата-аналардың еңбегі де ерекше аталып өтті. Өз кезегінде олар да халықаралық байқауларға қатысудан алған әсерлерімен бөлісті.
Кәмшат Мұхамеджан, Самат Қазанбаев