Қарағандыда жаңа кітапхана ашылды

Қарағанды облысында Абай күні кең көлемде аталып өтті. Қала-аудандарда әдеби кештер, оқырмандар арасында жыр бәйгесі, кітап көрмесі мен ұлы ақынның шығармашылығын дәріптеуге арналған кездесулер өтті.

Облыс орталығындағы мерекелік шара орталық саябақтағы Абай ескерткішіне гүл қою рәсімімен басталды. Айтулы күннің басты жаңалығы - Қарағандыда жаңадан кітапхана ашылды.

Жаңа кітапхана Оңтүстік-Шығыс ауданда ашылды. Қаланың бұл бөлігі соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. Тұрғын саны еселеп артқан соң осыған дейін екі жаңа мектеп пен балабақша салынған болатын. Жаңадан бой көтерген руханият ордасында көркем туындылар, балалар әдебиетінің жауһарлары мен өлкетануға қатысты жинақтар мен классикалық кітаптар бар.

Айнагүл Уәлиева, кітапханашы:

- Бұл кітапхана заманауи үлгіде жабдықталған. Мұнда келушілерге тек кітап таратып қана қоймай, оларды қызықтыратын түрлі шараларды ұйымдастыруға мүмкіндік бар. Оқырмандарды көптеп тарту мақсатында кездесулер, шығармашылық сайыстар ұйымдастырылады.

Қарағандыда 21 кітапхана жұмыс істейді. Бүгін ашылған кітапхана 36 жылдан соң салынып отыр. Енді шағын аудан тұрғындары әдеби кездесулер мен танымдық іс-шараларға қатысу үшін қаланың орталығына сабылмайтын болды. Кітапхана Президенттің кітап оқитын ұлт қалыптастыру жөніндегі бастамасы аясында ашылды.

Жанас Құрмаш, оқушы:

- Осы кітапхана ашылғанына қуанышытымын. Мектептің қасында орналасқан. Барлығы жақын. Енді мен осы жерге күнде келіп оқимын. Әдебиеттер оқығым келеді. Маған қиял-ғажайып ертегілер ұнайды.

Мерекеге орай қарағандылықтар Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Орталық саябақта ұлы ақынның өлеңдері оқылып, әндері шырқалды. Кітап көрмелері, әдеби кездесулер мен оқырмандар арасында сайыстар ұйымдастырылды. Абай шығармалары мен заманауи әдебиетті насихаттауға арналған ашық алаңдар жұмыс істеді.

Ұлы ақынның есімі Қарағанды облысының тарихында ерекше орын алады. Өңірде бір қала, бір аудан мен екі ауыл және 9 мектеп пен 80-нен астам көшеге ақынның есімі берілген.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Сайран Акамбаев, Аман Хамит