Астанада «Қош бол, Гүлсары!» драмасының премьерасы өтті
Елордалықтар ерекше рухани кештің куәсі болды. Шыңғыс Айтматовтың әлемге әйгілі шығармасы негізінде сахналанған «Қош бол, Гүлсары!» драмасының тұсаукесері өтті.
Музыкалық жас көрермен театры келушіге лық толды. Үш күнге жалғасатын премьера өнер сүйер қауымды көрермен залында асыға күтеді.
Терең философиялық туынды адам тағдыры, ар-ождан, адалдық, туған жерге деген сүйіспеншілік пен рухани құндылықтар тақырыптарын қозғайды. Қойылым көрерменді өткен мен бүгінді саралап, адамдық қасиеттер мен рух тазалығы жайында ойлануға жетелейді. Туындының көрерменге ой салар негізгі идеясын қоюшы-режиссері – Ералхан Мырзахмет осылай деп сипаттайды.
Ералхан Мырзахмет, қоюшы-режиссер:
- Шығармада осыдан бір ғасыр бұрынғы оқиғалар жайлы болады. Бірақ ол әлі күнге дейін өз өзектілігін жоғалтқан жоқ. Бірнеше тақырып қозғалады. Әр көрермен өзіне жақын, өзіне ыстық тақырыбын таңдап, ой түйіп кетеді деген ойдамын.
Негізгі өзек – Танабайдың өмір жолы мен оның жан серігіне айналған тұлпары Гүлсарының тағдыры. Басты кейіпкерлер сомдаған көріністен адамның жастық шағы, үміті, сенімі мен өмірлік күресі астасып, бір дәуірдің келбеті ашылады. Спектакль – адам мен жануардың арасындағы терең рухани байланысты, уақыттың өткіншілігін және қоғам өзгерістерінің адам тағдырына әсерін баяндайды. Шығармашыл топ туынды түпнұсқасының рухын сақтай отырып, оның көркемдік-идеялық мазмұнын заманауи театр тілімен жеткізуді мақсат етті.
Қазыбек Есқара, театр актері:
- Сахналық нұсқасы қазақ сахнасында алғаш рет қойылып жатыр. Жылқышы Танабайдың және жылқымен арадағы достығы, адам мен табиғат арасындағы түсіністік, үйлесімділік қой шығарманың жалпы сюжеті. Соны сахнада жеткізгіміз келеді.
Ермахан Аймахан, театр актері:
- Көрер көзге таңсық емес болуы мүмкін, өйткені адамның атты ойнауы бір қызық дүние деп ойлаймыз. Қазақ пен жылқының ұқсастығы көп, егіз деп айтсақ болады. Себебі қазақтың «жылқы - жаны, қымыз - қаны» деп айтады. Барымызша ішіміздегінің барлығын шығарып, атты сомдауға өзімізді дайындадық.
«Қош бол, Гүлсары!» Шыңғыс Айтматовтың әйгілі шығармасы негізінде сахналанды. Ой мен рух тазалығын дәріптейтін қойылымды 26 және 27 тамыз күндері сағат 19:00-де Музыкалық жас көрермен театрында тамашалауға болады.
Авторлары: Рухани Әбдірахман