Атырауда «Патша көңілім…» комедиясының премьерасы өтті

Атыраудағы Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында «Патша көңілім…» комедиясының премьерасы өтті. Жазушы Қуаныш Жиенбайдың туындысын режиссер Нұрлан Жұманиязов сахналады, деп хабарлайды 24KZ.

Қойылымда ауылда қалып, балаларын сарыла күткен ата-ананың сағынышы суреттеледі. Ұл-қыздарын бір шаңыраққа жинау үшін қария күтпеген қадамға барады. Осылайша, қойылым басталғаннан-ақ көрерменін баурап алды.

Бір кезде балалардың күлкісіне толған үй бүгінде қаңырап бос қалған. Ұл-қыздары қалаға қоныс аударып, қара шаңыраққа сирек келеді. Балаларын сағынған әке туғанындай боп кеткен көршісі Қойлыбайға тосын өтініш айтады. «Әкелерің дүние салды» деп хабар таратып, ұл-қызын ауылға жинайды. Осылай басталған комедия әп сәтте-ақ көрерменді терең ойға батырады. «Шынында, қазір адамдар қымқуыт тірлікпен жүріп, қара шаңырақты ұмытып кететін жайт көп кездеседі», – дейді қоюшы режиссер Нұрлан Жұманиязов. Сондықтан мұндай ауыр тақырыпты комедия форматында беруге тырысқанын айтады. Бір ерекшелігі – қойылымдағы әр адам – басты кейіпкер.

Нұрлан Жұманиязов, қоюшы режиссер:

– Мынау басты кейіпкер, мынау екінші пландағы деген жоқ. Мұнда 12 қатысушы, оған қосымша 3 кемпір бар. Әрқайсысының өз орны бар. Бірін алып тастасақ немесе кетірсек, одан ұтатын дүние жоқ. Сондықтан әр кейіпкер, сол 12 кейіпкердің бәрі де басты кейіпкер.

Қаралы хабарды естіп, балалар ауылға жиналғаннан кейін оқиға басқа арнаға бұрылады. Бірі әкені шын жоқтаса, кейбірі дүние-мүлік жайын сөз етеді. Күлкілі оқиғалармен өрілген отбасылық тартыс көрерменді адамгершілік, бауырмалдық қасиеттердің қадірін түсінуге жетелейді. Премьераны тамашалаған атыраулықтар қойылымның сәтті шыққанын әрі берері мол дүние екенін жеткізді.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов

Сондай-ақ оқыңыз: