Ахмет Байтұрсынұлы – қаламгерлік пен қайраткерлік қатар ұштасқан тұлға
Ахмет Байтұрсынұлы туғанына бір жарым ғасыр асса да бір мысқал бағасын жоғалтпаған тұлға. Керісінше тау алыстаған сайын анық көрінетіні секілді халық жадымен бірге жасайды. Оның Алаш көсемдерінің бірегейі ретіндегі елдік мүддедегі ерен еңбегі көпке мәлім. Біз қайраткерлігінен бөлек қаламгерлігін сөз етпекпіз. Өйткені журналистика саласының сара жолын салған, баспасөздің ұлттық үлгісін жасап, қазіргі қалам-қағазбен қаруланған қауымға бағдаршам іспетті.
«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Бұл қазақ журналистикасының ұраны. «Қазақ» басылымының алғашқы санында басылды. Ғасыр өтсе де өміршең тіркес. Өткір әрі өзекті. Өйткені сөз өнері – елді өсіреді, не өшіреді. Осылайша, Ахмет Байтұрсынұлының өзі де, сөзі де келешек үшін қызмет етті. Пайымды публицист ақпарат таратып қоймай, халықтың саяси, әлеуметтік әрі мәдени өресін көтеруге өлшеусіз үлес қосты.
Жанарбек Әшімжан, ҚР Құрылтайының депутаты:
- Ахмет Байтұрсынұлы қалыптастырып кеткен ұлттық журналистиканың арнасынан біз ұзағанымыз жоқ. Қазіргі күнде Сол Ахмет Байтұрсынұлы негізін қалап, концепциясын жасап, философисын, конституциясын реттеп беріп кеткен сол арнамен келе жатырмыз. Қазірде қазақ журналистикасында публицистикалық бағытта негізінен елдің, жердің, тілдің, мемлекеттің тағдыры сол Байтұрсынұлы қалыптап кеткен позициядан айныған емес.
Жүсіп Баласағұн «қалам елді түзейді»,-деді. Ахмет Байтұрсынұлы сол бағыттан айныған жоқ. Ердің ішінде ат басындай шер қатып, халықтың мұң-мұқтажын жоқтаушыға айналды. «Қазақ» газетінің айналасына Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Мұстафа Шоқай, Сұлтанмахмұт Торайғыров сияқты алыптар шоғырланып, шоқтығы биік мақалаларды үздіксіз жариялап тұрды. Алғашқы жалпыұлттық ақпарат құралы болды. Тұрақты тақырыптары үш тұғырлы: Жер мәселесі, оқу-ағарту және саяси дербестік. Ол қоғам ойын тереңнен қозғады. Рулықтан ұлттық деңгейге көтерілуді үндеді. Жұрт болу үшін мәдениетті болу керек,-деген идея тастады. Еуропа мен Ресейдің озық ғылымын игеруге, бірақ ұлттық болмысты ұстын қып ұстануға шақырды. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тіл білімінің атасы. Ұлт ұстазы.
Шерубай Құрманбайұлы, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті
- «Қазақ» газеті 1913-тен 1918 жылға дейін шықты. 5 жыл. Бірақ табанды, турашыл 5 жылдың инерциясы әлі өзіне иіріп тұр. Себебі мерзімді баспасөздің мерзіммен шектелмейтін мақалалары жарық көрді. Әсіресе қазіргідей алмағайып әрі бұлыңғыр заманда ең алдымен бірлік керек. Тұрақтылық пен тыныштық – басты байлығымыз. Ұлт ұстазының ұлттық болмысты ұстын қып ұстау ұраны қанша ұрпақ алмасса да құнын жоймақ емес.
Авторлары: Нысаналы Ығыл, Жандос Битабаров, Асхат Қарақойшиев