Көне түркі дәуіріне тиесілі Шәлкөде кешені зерттеліп жатыр

Алматы облысының Шәлкөде жайлауында археологтар көне түркі дәуіріне тиесілі аса ірі ғұрыптық-мемориалдық кешенді зерттеп жатыр.

Алғашқы қазба жұмыстарының өзі нысанның ауқымы мен күрделілігін көрсетті. Кешеннің жалпы аумағы 4 гектардан асады.

Гүлжан Көленқызы, тілші:

- Шәлкөде жайлауына күздің лебі ерте түседі. Біз қазір атақты жайлаудың төрінде тұрмыз. Дәл осы жерде ғалымдар Көне түркі заманына тиесілі қағандық мемориалдық ғұрыптық кешенді тапты. Археологтар бұл тұжырымға негіз бар дейді. Себебі үш жағын тау қоршаған тұйық жер – Түрік қағанының бекзат таңдауын білдірсе керек. Қорғанның қақпасы батысқа қарайды. 4 гектардан асатын аумақты алып жатқан кешеннің ғалымдар биыл ғана  көбесін тарқатты. Алғашқы құнды деректер де бар.

Археологтардың айтуынша, кешеннің орталық бөлігінің диаметрі 70 метрге жуық. Биіктігі 3 метр болатын ірі тас құрылымның астынан төртбұрышты платформа анықталған. Ал кешеннің сыртынан құрбандық шалу рәсімдеріне арналған жүзден астам тас орын табылған. «Бұл – кездейсоқ емес», - дейді ғалымдар. Оның орналасуы, көлемі мен архитектуралық шешімі нысанның жоғары мәртебелі тұлғаға арналғанын аңғартады. Ғалымдар оны Батыс Түрік қағанаты дәуіріндегі қағандық ғұрыптық-мемориалдық кешендердің қатарына жатқызып отыр.

Ақан Оңғар, Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының директоры:

- Бұл – Жетісудағы Батыс түрік қағанатының қағанының үлкен бір дүниетанымы бойынша, сол түркілердің мемлекеттік идеологиясы бойынша және басқа да жаңа тарихтың қырларын сырларын ашатын үлкен ескерткіш. Кешеннің ішінде диаметрі 1,5-2 метр болатын, дөңгелек тастан қаланған ғұрыптық орындар, құрбандық шалу орындары осыны дәлелдейді. Құрбандық шалу орындары ашылды, олардың саны – 102. Қазіргі таңда оңтүстік-шығыс бұрышынан жылқының арнайы құрбандыққа шалынғанын көріп отырмыз. 

Шәлкөде кешені арқылы ғалымдар бір ғана ескерткіштің тарихын емес, тұтас дәуірдің дүниетанымын тануға мүмкіндік алып отыр. Ең қызығы – археологтар кешеннен алтын адам сияқты дәстүрлі жерлеу үлгісін іздеп отырған жоқ. Ғалымдардың болжамынша, қағанның мәйіті өртеліп, ал сыртында арнайы бір уақытта ғұрыптар атқарылған болуы ықтимал. Қазір ғалымдар кешеннің алтыдан бір бөлігін ғана ашты. Зерттеу жұмыстары

кәсіпкердің қолдауымен жүзеге асуда. 

Тоқтар Мұхамеди, кәсіпкер:

- Бұл бастамасы ғана. Бұл жерге әлі үлкен лагерь құрылады. Әлі тағы да жағдайлар жасалынады. Интернет алып келеміз деп, тәулік бойы бейнебаян түсіріп тұратындай, өйткені біраз ашылған сайын жәдігерлердің құндылығы арта бастайды. Соны қорғайтындай келесі жылға қарай мүмкіншілік жасайын деп тұрмыз. 

Шәлкөде – Жетісудың әлі толық зерттелмеген тарихи аймақтарының бірі. Соңғы жылдары мұнда әр кезеңге жататын қоныстар, ортағасырлық қалалардың орындары анықталған. Мәселен, қола дәуіріне тиесілі қырықтан астам кен өндіру орны табылған. Бұл деректер Жетісудың ежелгі дәуірлерден бастап өндіріс, сауда және мәдени байланыстар тоғысқан аймақ болғанын көрсетеді. Ғалымдардың жоспары бойынша қорғандағы зерттеу жұмыстары бірнеше жылға жалғасуы мүмкін.

Аманкелді Есбай , «Әділет» партиясы Жетісу облыстық филиалының төрағасы, тарих ғылымдарының кандидаты:

- Бұл тек тарихымызды танытып қана емес, ертеңімізге терең көз жүгіртіп, мұны әрі қарай тарихи туризм орталығына да айналдыруға болады. Мемлекет басшысының қолдауымен ғылымға да бүгінгі таңда қаржы көп бөлініп жатыр. Сонымен қатар кәсіпкерлеріміз де бір ұшына қолғабысын тигізсе, осындай жаңалықтардың көптеп ашылуына үлкен себеп болар еді.

Шәлкөде кешенін ашық аспан астындағы музейге, археологиялық зерттеу базасына айналдыру көзделіп отыр. Басты міндет – ескерткіштің ғылыми құндылығын сақтап қалу.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов

Сондай-ақ оқыңыз: