Нобель лауреаты Мо Янь Астанаға «Орталық Азияның інжу-маржаны» деп баға берді

Фото: adebiportal.kz

Қытай жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Мо Янь Астанаға өлең арнап, елорданы «Орталық Азияның інжу-маржаны» деп бағалаған, деп хабарлайды «24KZ».
Қытайлық TideNews ақпараттық платформасы 4 қыркүйекте Мо Яньның Қазақстанға сапары кезінде түсірген фотосуреттері мен Астанаға және қазақ әдебиетіне арналған каллиграфиялық жұмыстарын жариялады.
Мо Янь Астанаға арналған шығармасын «Жаңа астана - теріскей аймақ» деп атаған. Өлеңде елорданың өзгерген келбеті, кең магистральдары мен биік ғимараттары, сондай-ақ қаланың айналасындағы табиғат суреттеледі.

Ұлы стратегиямен астана солтүстікке көшіп,
Шағын шаһар жаңаша кейіпке енді.
Ұзын жолдар таулар мен теңізді жалғап,
Зәулім ғимараттар көкке бой көтерді.
Кезінде сары құм мен темір сауыт түйіскен жерде,
Бүгінде жасыл алқап жайқалып,
Ірі қара мен қой өріп жүр.
Жақсы жазылған, өнегелі сөз –
Мың жылға жетер жоспар.
Ел өркендеп, халық бейбіт өмір сүрсе,
Береке де баянды болмақ», – деп жазады Мо Янь.

Жазушының каллиграфиялық туындысында «Астана – Орталық Азияның інжу-маржаны» деген жазу бар.

Мо Янь Астананың көрікті жерлерін де суретке түсірген. Оның фотоларында Бәйтерек пен «Нұр-Әлем» секілді елорданың танымал нысандары бар.

Абай шығармалары қытай каллиграфиясында

Нобель лауреаты қазақтың ұлы ақыны, ойшыл Абай Құнанбайұлының шығармашылығына да назар аударған. Мо Янь Абайдың нақыл сөздері мен өлең жолдарын қытай каллиграфиясы үлгісінде өз қолымен қайта жазған.


Солардың бірі – Абайдың:
«Дүние – үлкен көл,
Заман – соққан жел,
Алдыңғы толқын – ағалар,
Артқы толқын – інілер» 
деген белгілі жолдары.

Бұдан бөлек, жазушы қазақтың «Ердің көркі – пырақ, көлдің көркі – құрақ» деген мақалын көркем каллиграфиямен қағазға түсірген.

Мо Яньмен бірге қытай каллиграфы Ван Чжэнь де Қазақстанға арналған «Қазақстан туралы ән» атты шығармасын ұсынған. Өлеңде қазақ даласының кеңістігі, өзен-көлдері, таулары, тюльпандары мен жүйрік аттары суреттеледі.
Айта кетейік, Мо Янь Қазақстанға Қазақстан Жазушылар одағының ресми шақыруымен келген. Сапар Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған іс-шаралар аясында ұйымдастырылған.

Жазушының Астана туралы өлеңі мен елордадан түсірген фотосуреттері Қытайдағы оқырмандарға Қазақстанның заманауи келбеті мен мәдениетін таныстырудың бір үлгісі болды.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Сондай-ақ оқыңыз: