«Жаным, сен сенбейсің! 2» фильмі түсіріліп жатыр
Алматы облысында «Жаным, сен сенбейсің!» фильмінің екінші бөлімі түсіріліп жатыр. Картина триллер, хоррор және әзіл-оспақ жанрын біріктіреді.
Нәтижесінде көрерменге шиеленісті оқиға желісі ұсынылады. Режиссердің айтуынша, мұндай жұмыстар отандық киноиндустрияда жиі кездеспейді. «Сондықтан еліміздің кино өнерінде өзіндік орны болады», - деп сенеді.
Фильмнің басты кейіпкері Жанна есімді әйел. Үш баланың анасы. Төртінші сәбиінің дүниеге келуін күтіп жүр. Ол отбасындағы күнделікті күйбең тірліктен әбден шаршайды. Бірде Жанна барлығын тастап, демаламын деп шешеді. Таксиге отырып, белгісіз бағытқа жолға шығады. Жұмбақ жағдайда есінен танып, бейтаныс үйдің жертөлесінде оянады. Осы сәттен бастап кейіпкер қауіп-қатерге толы сынаққа тап болады.
Ернар Нұрғалиев, режиссёр:
- Егер мен сізге осыған ұқсас бір оқиға айтсам, сенбеймін деп айтасыз. Алайда ол рас. Шынымен болған. Бұл фильмде дәл сондай. Сюжет желісі әрқилы. Киноның көптеген жанрын көруге болады. Менің таныстарым, әріптестерім, тіпті шетелдегі достарыма дейін «Жаным, сен сенбейсің» фильмінің жалғасын түсіруімді өтінді.
«Жаным, сен сенбейсің» фильмінің алғашқы бөлімі 2020 жылы шыққан. Дәл сол уақытта елде карантин болып, көрсетілімі ұзаққа созылмады. Десе де киносүйер қауым картинаға оң баға берді. Актриса Әсел Қалиева кинода басты рольді сомдайды. Оған картина таныс. Алғашқы бөлімде эпизодта ойнаған.
Әсел Қалиева, актриса:
- Тақырып әйелдің қоғамдағы рөлі туралы. Оның ана, жар, отбасының ұйытқысы ретіндегі тұлғасы көрсетіледі. Баласы үшін бәріне бас тігіп, қарсы тұруы көрініс табады. Тұрмыстан шаршаған әйелдің қарапайым өмірі мистикалық шытырман оқиғаға ұласады. Ол өзін сондай жағдайда қалай ұстайды? Кедергілерді жеңіп шыға ала ма? Фильм осыған жауап іздейді.
Картина Қапшағай, Алматы мен Алматы облысында түсіріліп жатыр. Үлкен экранға келесі жылы шығады деп жоспарланған.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев