Қазақ киносының «Жұлдыздар аллеясына» жаңа есімдер қосылды
Театр және кино режиссері Әзірбайжан Мәмбетов, режиссер, продюсер Сламбек Тәуекел, актер, сценарист Нұрлан Сегізбаев сияқты сегіз адамға арналып естелік жұлдыз қойылды.
Бұл алаңды өнер иелері өткен мен болашақтың тоғысатын орны деп есептейді. Аллея Алматыдағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының аумағында 2011 жылы ашылған. Содан бері ұлттық кинематографияның дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті өнер қайраткерлерінің мемориалдық жұлдызымен толығып келеді.
Сатыбалды Текеев, кинорежиссер:
- Қазақ киносының көркем фильм ретінде қалыптасып, алғаш ашылғанына 1941 жылы негіз қаланды ғой, өздеріңіз білесіздер. Қазір міне, 85 жылға таяп қалды. Осындай тарихы бар азаматтар келесі ұрпаққа ескерткіш болып қалуы керек. Қазақфильмге кіргеннен-ақ Шәкен Аймановтың айналасында өзімен бірге қызмет еткен азаматтардың бейнесі тұрғаны біз үшін өте жақсы. Келген адам осы тұлғаларды көргеннен кейін: «Осындай азаматтар жұмыс істеген екен, қазақ киносын көтерген осылар екен», — деп біледі. Бұл — өткенді ұлықтап, келер ұрпаққа жеткізудің бір жолы.