Астанада Сыр өңірінің креативті өнер көрмесі ұсынылды
Тамырдан туындыға – бұл Қызылорда облысының креативті кеңістігі. Елордада «Creative Aimaq» республикалық жобасы аясында Сыр өңірінің шығармашылық әлеуетін таныстыратын көрме-жәрмеңке басталды.
100-ге жуық креатор дәстүрлі зергерлік, ағаш, сүйек өңдеу өнері, тоқыма кілем, ұлттық киім үлгілері секілді авторлық туындыларын көпшілік назарына ұсынды. Қолөнер шеберлері бай тарихи-мәдени мұрамызды заманауи өнермен сабақтастырудың мүмкіндіктерін көрсетті. Көрме қонақтары Сыр бойының брендіне айналған ақ күріш бейнеленген шығармалармен де танысты. Жоба – креативті кәсіп иелерін қолдауға бағытталған. «Мұндағы әр бұйым – атадан балаға жалғасқан қолөнер дәстүрінің, халықтың тұрмыс-тіршілігі мен эстетикалық талғамының көрінісі» - деді ұйымдастырушылар.
Мейрамбек Шермағанбет, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары:
- Сыр өңірі қолөнершілерінің бір ерекшелігі біздің ши тоқу, кілем тоқу болсын соның барлығы және де бұйымдарды ағаштан, мүйізден осы жерде қалай жасалатынын көрсетіп жатыр және бұған дейін де жасалған өнімдерін халыққа ұсынып жатыр. Жалпы көрмеде тек заттарды ұсыну ғана емес насихаттап одан әрі жүзеге асыру.
Ерлан Каналимов, «Креативті индустрияларды дамыту қоры» КҚ басқарма төрағасы:
- Өңірлердің креативті потенциалын көру үшін осы арнайы «Creative Aimaq» жобасын іске қосған болатынбыз. Бүгінгі күні Қызылорда өңірі 12-ші аймақ келіп жатқан осында. Осы 11 өңірдің қорытындысы бойынша жалпы 40 мыңнан аса елорда тұрғындары мен қонақтары келіп қатысты осы жәрмеңке көрмелерімізге. Оған қоса 100 млн-нан астам теңгеге өнімдер сатылып алынды. Және де осы жобаға осы өңірлердің 500-ден астам креаторы қатысты.