Абай театры жаңа маусымын «Ақбала» балетінің тұсаукесерімен ашты

Алматыда Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры кезекті 93-ші маусымын «Ақбала» балетімен ашты.

Қойылым желісі «Қан мен тер» трилогиясының желісі бойынша өрбиді. Өнер ұжымы спектальді отандық хореография өнерінің көрнекті өкілі, сахна саңлағы педагог Людмила Рудакова мен танымал балет әртісі, әрі ұстаз Эдуард Мальбековтің рухына арнады.

Абай атындағы опера және балет театры театр тарихында тұңғыш рет Әбдіжәміл Нұрпейісовтің аңызға айналған «Қан мен тер» трилогиясын заманауи балет өнерінің тілімен сахналады. Қойылымның өзегінде күрделі тарихи өзгерістер аясындағы адам тағдыры жатыр. Әсіресе әйелдің жан жарасы мен ішкі арпалысына айрықша мән беріледі. Мұнда сөздің орнын қимыл басып, кейіпкерлердің сезімі ырғақ, ишара, көзқарас пен музыка арқылы көрініс табады.

Айнұр Көпбасарова, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының директоры:

- Біздің театр үшін 93 жылдық тарихымыздағы бұл – заманауи контент стилінде қойылған алғашқы балет. Бұл – әйел тағдыры туралы балет. Ал әйел тағдыры – тұтас елдің тағдырымен астасып жатыр. Осы образ арқылы біз адамның ішкі жан дүниесін, өз таңдауымызды, Отанға, отбасымызға және адамға деген махаббатымызды көрсеткіміз келеді. Кейіпкердің тағдыры арқылы көрерменге әр адамның жүрегінде болатын сезімдерді, өмірлік таңдауларды және туған жерге деген сүйіспеншілікті жеткізуді мақсат еттік.

«Ақбала» қойылымы тарихи кезеңнің аласапыранын қоса, Арал өңірінің қасіретін, махаббат пен аналық сезімді, адам мен заман арасындағы күрделі байланысты арқау етті. Осы арқылы шығармашылық топ қазақ әдебиетінің классикалық туындысын хореография өнерінің тілімен пайымдады. Кейіпкерлердің ішкі әлемін, жан толғанысын сахналық пластика арқылы жеткізді.

Айнұр Көпбасарова, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының директоры:

- Бұл балеттің тағы бір ерекшелігі — заманауи тілде қойылғанымен, өзіміздің ұлттық ДНҚ-ны сақтап қалуында. Спектакльде хор, қылқобыз, симфониялық оркестр, опера солисі және балет әртістері тоғысып, әртүрлі өнер ұжымдарының шығармашылық синтезінен жаңа заманауи балет дүниеге келді.

Спектакльдің режиссёр-хореографы – Германиядан келген Аршак Галумян. Оның айтуынша, мұндай күрделі шығарманы жарыққа шығару оңай емес. Оған көп уақыт керек. Ал бұл театр ұжымы алты айдың ішінде тұсаукесерге қол жеткізді.

Аршак Галумян, режиссёр, хореограф:

- Театрдың репартуарын жақсы білемін. Шетінен тұнып тұрған классика. Елдеріңіздің тарихы тереңде жатыр. Мен оған құрметпен қараймын. Шығарманы жеткізе аламын ба? Көрермендер оны қалай қабылдайды? Сол үшін уайымдағаным рас. Балеттегі дене тілі бұл сөзсіз ақпарат берудің, сезімді, мінезді және сюжетті көрерменге жеткізудің жоғары деңгейдегі өнері. Балет әртістері дененің қозғалысы, пластикасы арқылы тұтас бір хикаяны баяндай алады.

Театрдың 93-маусымынының ашылуымен бірге оның жанындағы интерактивті музей жұмысын қайта бастады. Күрделі жөндеуден өтіп, жәдігерлермен толықты. Мұнда бұрынғы афиша, әртістердің сахналық киімдері, балауыздан жасалған мүсіндер мен театр суретшілерінің қолынан шыққан картиналар қойылған. Ал «Ақбала» балеті театр репертуарына ерекше жанрдағы қойылым ретінде қосылды. 

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов

Сондай-ақ оқыңыз: