Еуропалықтардың қазақ тілін үйренуге деген ынтасы артып келеді
Бірі қазақ тіліне Абайдың өлеңдері арқылы қызықса, енді бірі Димаш Құдайбергеннің шығармашылығынан кейін ден қоя бастаған, деп хабарлайды 24KZ.
Ұлты түрік бельгиялық журналист Дерия Сойсал түрік, француз және ағылшын тілдерінде еркін сөйлейді. Қазір қазақ тілін үйреніп жүр: әлеуметтік желіден қазақша жазбалар оқиды, қазақстандық әншілердің әндерін тыңдайды. Тіл сындарғанына бірнеше ай ғана болса да, көп нәрсені түсініп, айта алады.
Дерия Сойсал, журналист:
- Қазақ тілін өте жақсы көремін және үйреніп жатырмын. 3-4 ай болды. Кешіріңіз, қазақшам жақсы емес. Жақсы түсінемін. Қиын емес. Қанымда түрік қаны бар. Қазақстанды жақсы көремін. Қазақ тілін үйрену қазір сән.
Дерия соңғы 4 жылда елімізге 10 рет келіп, Астана, Алматы, Шымкент және Түркістан қалаларын аралаған. Бүгінде ол Қазақстан туризмінің ресми елшісі. Мәдениетімізді тереңірек таныған сайын қазақ әдебиетіне деген құмары да артқан. Әсіресе Абай өлеңдеріне деген сүйіспеншілігі зор.
Қазақ тілін меңгеріп жүрген бельгиялықтардың арасында Dears фан-клубының мүшелері де бар. Димаш Құдайберген жанкүйерлері бірлестігінің құрылғанына 5 жыл болған. Осы уақыт аралығында олар Қазақстан елшілігі ұйымдастырған шаралардан қалмай, қазақша өлең оқып, ән айтып жүр. Димаш шығармашылығына деген махаббаты кейбірін қазақ тілін үйренуге, тіпті домбыра шертуге жетелеген.
Уэнди Мхазек, BELGIAN DEARS фан-клубының мүшесі:
- Мен Қазақстанды алғаш рет қазақ әншісі Димаш Құдайбергеннің шығармашылығы арқылы таныдым. Кейін елдің бай мәдениетіне қызығып, қазақ тілін үйренуге және Қазақстан туралы көбірек білуге құштар болдым.
Ана тілімізді насихаттауда мәдени орталықтардың қосып отырған үлесі ерекше. Бельгияда олардың екеуі бар: бірі Брюссельдегі Қазақстан елшілігінің жанында, екіншісі Гент қаласында жұмыс істейді. Мұнда балалар мен ересектер қазақ тілін меңгеріп, салт-дәстүр, ұлттық мұраларымызбен танысады. Шетелдіктер үшін бұл Қазақстанды жақынырақ білудің жолы болса, қазақ отбасылары үшін ана тілін сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізудің мүмкіндігі.
Автор: Ғалымжан Қараманұлы