«Алан туралы аңыз» мультфильмі көрерменге жол тартты
Бүгін ел кинотеатрларында қазақстандық "Алан туралы аңыз" анимациялық фильмі көрерменге жол тартты.
75 минуттық туынды Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы мен Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен түсірілді. Жобаның бюджеті 200 миллион теңгені құрайды. Мультфильмді 15 адамнан тұратын кәсіби команда екі жылда жасап шықты. Туындыны әзірлеу кезінде заманауи технологиялар қолданылып, жасанды интеллект элементтері енгізілді. Басты кейіпкер Алан атты барыс достарымен бірге туған қаласын қорғауға аттанады. Режиссер Азамат Ерназаровтың айтуынша, мультфильм достықты, туған жерге деген сүйіспеншілік пен бірліктің күшін дәріптейді.
Азамат Ерназаров, режиссер:
- Бұл мультфильм патриотизмді өте жақсы үйретеді. Баланы алға ұмтылуға үйретеді, өзінің мақсатынан таймауды үйретеді. Қалай да болса жетуді үйретеді. Бұл мультфильмде сатқындық та бар, достық та бар.