Алматыда 70-тен астам велошабандоз көк туды желбіретті

Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Алматыда Республика күні қарсаңында «Көк Туым – мақтанышым!» атты патриоттық велошеру өтті. Оған 70-тен астам жас велосипедші қатысып, Қазақстанның мемлекеттік туы мен жалаушаларын желбіретіп, қала көшелерімен жүріп өтті, деп хабарлайды «24KZ».

Іс-шараны Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасы Жетісу ауданының әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырды.

Велошеру көшін Алматы символдарының бірі саналатын қар барысы бейнесіндегі «Қожа» кейіпкері бастады. Ол арнайы жабдықталған пикап көлігімен қатысушыларға жол көрсетті. Оның соңынан мемлекеттік туды ұстаған велосипедшілер ілесті.

Қатысушылар Алматы ипподромынан басталған бағытпен Серіков және Қазыбаев көшелері арқылы өтті. Жастар бұл бастама арқылы ел тәуелсіздігіне, ұлттық құндылықтар мен мемлекеттік рәміздерге деген құрметін білдірді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, велошерудің мақсаты – жастардың бойындағы отансүйгіштік сезімді нығайту, мемлекеттік рәміздерді дәріптеу және азаматтық жауапкершілікті арттыру.

Бастама «Адал азамат» тұжырымдамасының қағидаттарымен де үндеседі. Оның негізгі бағыты – адалдықты, еңбекқорлықты, жауапкершілікті және Отанға деген сүйіспеншілікті дәріптеу.

Ұйымдастырушылар жастардың ұлттық құндылықтарға құрметін арттыру үшін осындай қоғамдық бастамалардың маңызы зор екенін атап өтті. Олардың пікірінше, патриотизм тек сөзбен емес, ел тарихы мен мәдениетіне, мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарау және қоғам өміріне белсенді қатысу арқылы көрінеді.

Жастар саясаты басқармасының мәліметінше, велошеру 25 қазан – Республика күніне арналған іс-шаралар аясында ұйымдастырылды. Бастама жастарды ортақ құндылықтар төңірегіне біріктіруге, салауатты өмір салтын насихаттауға және мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыруға бағытталған.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Сондай-ақ оқыңыз: