Республика күніне орай ел кітапханаларында 900-ге жуық іс-шара өтті

Республика күні қарсаңында еліміздің барлық өңіріндегі кітапханаларда кітап көрмелері, дөңгелек үстелдер, әдеби кештер мен зияткерлік ойындар ұйымдастырылды, деп хабарлайды «24KZ» ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шаралар ел тарихын танытуға және егемендік пен тәуелсіздік құндылықтарын дәріптеуге бағытталды.

Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында «Тұғыры биік – Қазақстан» кітап көрмесі ашылып, осы тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Көрме 15-30 қазан аралығында жұмыс істейді.

Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында «Елім менің – Қазақстан!» зияткерлік ойыны өтті.

Ақмола облысында «Республика күні – ел мерейі» ашық микрофоны мен балаларға арналған «Тәуелсіздік тарихы» интерактивті экскурсиясы ұйымдастырылды.

Ақтөбе және Абай облыстарының кітапханаларында кітап көрмелері мен патриоттық кештер өтті.

Павлодар облысында «Қазақстан – жарқын болашақ мекені» тақырыптық кеші және «Қыран елім – Қазақстаным!» ақпараттық сағаты өткізілді. Шымкентте «Қазақстан: тарихтан – болашаққа» кітап көрмесі, «Еңсесі биік Егемен ел» көрме-диалогы мен «Республика рухы – елдік пен ерлік» патриоттық кеші ұйымдастырылды.

Жалпы, Республика күніне орай ел кітапханаларында 900-ге жуық іс-шара өтіп, оған 40 мыңнан астам адам қатысты.

Сондай-ақ оқыңыз: