"Атырау-Орал" жолы жөнделіп жатыр

"Атырау-Орал" тасжолының 73 шақырымына асфальттың төменгі қабаты төселді. Биыл жолдың Атырау облысына тиесілі 184 шақырымында орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жолшылар қыс түскенше жиекті бекітіп, айналма жолдардың да жағдайын жақсартуды көздеп отыр. 

Жалпы республикалық маңызы бар күрежолды жөндеу жұмыстары жоспарланған мерзімнен бұрын аяқталмақ. Бұл туралы жауапты мекеме өкілдері мәлімдеді. "Атырау-Орал" жолы соңғы рет 2006 жылы қайта жаңғыртылған. Содан бері ауқымды жөндеу көрмеген жолдың жайы соңғы жылдары нашарлап кетті. Жүргізушілер де жиі шағымданатын. Биыл орташа жөндеу жұмыстары басталды.

Олжас Қанатов, Өрлік ауылының тұрғыны:

- Бұрын енді жол дейтін, шұрық-тесік болды. Мына көліктің жүріс бөлігінен обал. Қазір енді жасалып жатыр ғой. Бұйырса, енді жаңа жолмен жүреміз деген есеп бар.

Республикалық маңызы бар күрежолдың өңірге тиесілі 184 шақырымын жөндеуге екі мердігер мекеме тартылған. 

Бағдат Қойшығали, «АБК-Автодор-НС» ЖШС өкілі: 

- 73 шақырымды құрайтын асфальтобетон астыңғы қабаты төселді және 75 шақырымды құрайтын суық ресайклинг технологиясын қолданып, жолдың негізі нығайтылды. Сонымен қатар қысқы мерзімге жолдың толықтай қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жол жиегіне топырақ төсеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда осы жобаға 80 техника, 101 адам жұмылдырылған.

Жалпы жобада айналма жол қарастырылмаған. Бірақ мердігерлер көлік қатынасын тоқтатпау үшін өз қаражаты есебінен айналма жол салуға келіскен. Қазір негізгі жолдан алынған асфальт фрезерленіп, айналма жолға төселуде. Жалпы "Атырау-Орал" жолын орташа жөндеу 2028 жылға жоспарланған. Бірақ жауапты мекеме құрылысты ерте аяқтауды көздеп отыр.

Азат Қаракөзов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Атырау облыстық филиалы директорының орынбасары: 

- Қазір біз мына айналма жолдарға ескі асфальт жабындысын фрезерлеп, соның материалын айналма жолға салып жатырмыз. Бесінші шақырымнан бастап 189 шақырымға дейін орташа жөндеу жұмыстарын 2028 жылы аяқтау жоспарда болған. Алайда біз келесі жылы толығымен бітіреміз деген ойдамыз. 

Жобаның жалпы құны 47 млрд теңгеге жуықтайды. Қазір жол жөндеушілер қыс түскенше жол жиегін бекітіп, айналма жолдарды жақсартуға да басымдық беріп отыр. Бұдан бөлек, өңірде республикалық маңызы бар Мұқыр-Құлсары жолы да орташа жөндеуден өтіп жатыр. Құрылыс жұмыстары жуырда аяқталып, 136 шақырым жол пайдалануға берілмек. 

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Матенов

Сондай-ақ оқыңыз: