«Томирис» ұлттық балетінің әлемдік премьерасы өтті

Бүгін «Астана Опера» көрермендері сақ дәуіріне сапар шекті. Сахна бірде айқас алаңына айналса, енді бірде ошақ жылуын сездіргендей кейіпте болды. Тарихтан сыр шерткен атмосфераны қазақтың ұлттық аспаптары жүрек түкпіріне дейін жеткізді, деп хабарлайды 24KZ.

Сұлтанбек Ғұмар, қоюшы хореграф:

– Сол заманға жақындату үшін біз симфониялық оркестрден бет бұрып, заманауи бағытта, өзіміздің аспаптарды қолдандық. Сазсырнай, сыбызғы, дабыл, домбыра деген сияқты. Бұл аспаптардың арқасында біз осы кең байтақ даламыздың еркіндігін, сол заманғы атмосфераны жеткізу жеңілірек екенін түсіне отырып, осындай шешім қабылдадық.

Қойылымда көпшілікке батыр ханшайымның беймәлім қырын таныту көзделген. «Туындыда оның жауынгерлік өнерінен гөрі, аналық образын көбірек ашқымыз келді», – дейді спектакльдің либреттосын жазған танымал драматург Ермек Аманшаев.

Ермек Аманшаев, Қазақстанның Еңбек Сіңірген Қайраткері, драматург:

– Жаңа Конституциямызда тұңғыш рет Ұлы даланың мың жылдық тарихын сабақтастыра отырып деген сөз бар. Бұл бірінші рет, тұңғыш рет жазылып отыр. Яғни осы Ұлы даланың мыңдаған жылдық тарихы осы үлкен тұлғалардан, Томирси сияқты тұлғалардан тұрады. Ол өзі әйел патша. Тек қана патша емес. Оның өмірге деген қарым-қатынасы, өзінің перзентіне деген қарым-қатынасы, айнала еліне, халқына деген қарым-қатынасы, осының барлығы оны үлкен бір аңыздық тұлғаға айналдырған.

Сахнадағы әр қимылдың мінсіз орындалуы, спектакль желісінің өзара қабысып, толық бір шығармаға айналуы авторлардың көрермен көңілінен шығуға барын салғанын көрсеткендей. Ұжымның бұл еңбегін халық та елеусіз қалдырмады. Қойылым соңында ұзақ қол соқты.

Авторлары: Серік Селеубайұлы, Рыстанбек Оспанов

Сондай-ақ оқыңыз: