TikTok жұлдызына айналған жамбылдық жасөспірім арнамызға сұхбат берді

TikTok жұлдызына айналған 15 жастағы жамбылдық жеткіншектің видеороликтерін тамашалайтындар қатары күн санап артып жатыр. Тіпті жас шопанның өміріне шетелдік оқырмандар да ерекше қызығушылық танытуда. Талай TikTok түсірушілерді шаң қаптырған Әбдіқадір біздің арнамызға сұхбат беріп, өз ойын бөлісті.

Бұл бейнежазба жеті миллионға жуық желі қолданушыларының жүрегін жаулап алды. Осылайша бір апта ішінде танымал болып шыға келді. 15 жастағы Әбдіқадір Наурызбек малды өріске шығарған әр күнінде avdi_senpai белгісімен бейнежазбалар түсіреді. TikTok-қа арналған алғашқы бейнетүсірілімін ол алдымен тек ана тілінде бастап, соңынан орыс тілінде де жалғастыруды шешкен. Оның шығармашылығындағы басты кейіпкер сенімді серігі – Геракл  деген жылқысы. Дәл осы жануар талай қиындықта  Әбдіқадірдің  қасынан табылыпты.

Әбдықадірдің осы бір қарапайым көріністері әлемнің әр түкпіріндегі қолданушыларды селт еткізді. Жарнама жасаушылар да жиі хабарласыпты.

Әбдіқадір Наурызбек, Т.Рысқұлов ауданының тұрғыны:  

- Жарнама көп сұрады басында, мен оны  оқымағам, мен дайрект, инстаграмды онша оқымаймын да ғой, оқуға да уақыт жоқ, оны оқып отырайын десем, қой кетіп қалады, анда-санда ғана оқимын.

Әзірге тек өз қызығушылығы үшін түсірілім жасап жүрген жасөспірімнің арманы зор. «Болашақ мамандығымды әлі таңдамасам да, кәсіби блогер болғым келетіні анық», – дейді ол.

Әбдіқадір Наурызбек, Т.Рысқұлов ауданының тұрғыны:                                                          

- Қызық болады, себебі мен өзімнің өмірімді түсіремін, Гераклды түсіремін, қойларды түсіремін, қойларды қызықтырып түсіремін, әдемілеп тұрып, бастысы, әзіл болса болды, әзілмен қызық болады, адамдарға күлкілі болады, ең көп көрілім жинаған.

Әбдіқадір 300 бас малға қарайды. Бұл оңай шаруа емес, дегенмен елгезек шопан бәріне үлгереді. Өйткені, айтуынша, оны жан-жануарларға деген қамқорлық пен мейірім қайраттандырады.

Тіпті біздің түсірілім барысы да TikTok түсірушіге кедергі бола алмады. Біз де қалыспадық.

Бала үйдегі атасына арқа сүйейді. Өйткені қария барлық бастамасын қолдап, қолпаштап отырады. Соңғы үлгідегі ұялы телефон да сыйлапты.

Наурызбек Шұбақбаев, Әбдіқадірдің атасы:

- Өткенде бір көрсем, 2 миллион екен, қалаға барғам ғой, барсам алдымнан күтіп тұр, қолын алып, суретке түсіп жатыр. Маған енді құдайдың бергені шығар, өзім өте қуаныштымын. 

Әбдіқадір қарапайымдылықтан аттаған емес. Өресі биік өрен тек өзімнің сүйікті ісіммен айналысып жүрмін деп есептейді.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Анастасия Сүлейменова