Павлодар облысының тұрғыны өз үйін музейге айналдырған

Павлодар облысының тұрғыны өз үйін музейге айналдырған

Май ауданында тұратын Ерғанат Ахметовтың қолындағы жәдігерлердің саны 200-ден асады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол осыдан бірнеше ғасыр бұрын қолданыста болған от тұтатқыш пен кеншілерге жарық берген шамды ең көне әрі қымбат экспонаттардың қатарына жатқызады.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Ерғанат Ахметовтың табалдырығын аттай сала көзіміз ерекше заттарға түсті. Кіреберіс бөлменің қабырғаларына аспа шамдар ілініпті. Телевизор, телефон және радиоқабылдағыш қойылған. Олардың арасынан ең көне жәдігерлер де табылды.

Ерғанат Ахметов, коллекционер:

- Бұл енді 1700-жылдарда қолданылған зат. Ішінде мына шөп немесе құрғақ нәрсе салатын жері бар. Сол арқылы соққанда от тұтату үшін арқылы жасалған зат. Сосын ең қымбат зат – карбидтік шам дейді. Бұл Семей облысында бұрынғы шахтада қолданған зат. Мына жерге карбид салып ішіне су құйып шыққан газ арқылы, мына жарық беретін сондай шам.

Ерғанат Ахметовтың коллекцияларынан транзистор, фотоаппарат, қабырға және қол сағаттарының сан алуан түрін көруге болады. Ең бастысы, олардың бәрі іске жарамды.

Ерғанат Ахметовтың негізгі мамандығы ветеринар. Оның коллекцияға қызығушылығы  бала күнінен басталған. Туған ағасымен бірге сіріңке қораптарын, маркалар мен тиындарды жинап өсіпті. Коллекцияларының арасында үтіктер, күміс қасық, рюмкалар бар. Көне папиростар сол күйінде сақталыпты. Тіпті бет орамалдардың этикеткалары да алынбаған. Коллекционерді бәрінен де радиоқабылдағыштар қызықтырады.

Ерғанат Ахметов, коллекционер:

- Мынау ИС деген радиоқабылдағыш. Үлкен ағам Екібастұз қаласынан алып келді. Бұл енді әкелгенде сынып тұрды. Мынаның бәрін бояп, реставрация жасап, сосын маған сыйлады. Көңіл болғанда анда-санда тыңдаймыз. Отбасымызбен бірге. Бұрынғы жылдардың сол ыстығын сеземіз қойғанда, шыны керек. Өте сондай бір қазіргі дыбыс емес сияқты. Ерекше дыбыстар. Тыңдаған сайын тыңдай беретін.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Бұл өткен ғасырдың ортасында шыққан радиоқабылдағыштардың бірі. Кезінде жағдайы жеткендердің ғана төрінде тұратын. Ал қолдан қолға өткен грампластинкалар аға буынның жадында.

Бұл «Ригонда» деп аталатын радиоқабылдағыш. Одан әуезді ән тыңдап қана қоймай, түрлі толқындарды ұстап, жаңалық тыңдауға болады екен. Мына құжатында 1965 жылы жасалғаны көрсетілген. Соған қарамастан, әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр.

Коллекция жинауға Ерғанаттың анасы себеп болған. Жасы 90-ға таяп қалған қарт ұстаз Марксиана Ескендірованың өз мұрағаты бар. Ол 1953 жылдан бастап газет беттерінде жарық көрген мақалаларды жинаған. Ардагерді ерекше адамдардың тағдыры қызықтырады.

Марксиана Ескендірова, зейнеткер:

- Ең маған қымбат адам. Адамның мінезі, адамның өмірі. Мен соған қызығамын, қандай кісілер өмір сүрді, қандай қиыншылық болды. Соның бәрін жинаймын. Енді қарап тұрсам, мында Ялта туралы бар, Сталин туралы бар. Мында бір кішкентай мақалам бар «Однорукий пианист» деген. Осында менде бір жерде жатыр. Енді қалай оны айтпайсың?

Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған Марксиана Ескендірова балаларының бойына осындай ерекше қабілетті дарытқан. Отбасындағы кейбір құнды жәдігерлер аудандық музейге тапсырылыпты.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков