Маңғыстау тұрғындары жұмыс орнына ұлттық киіммен келді

Мемлекеттік қызметшілер, дәрігер-мұғалімдердің шапан, кәжекей-бешпет киіп, әшекей тағып жүргені көпшілікті сүйсіндірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл өңірде Президент тапсырмасына сәйкес Наурыз мерекесін атап өтудің 1 айлық жоспары жасалған. Тұжырымдама бойынша 2 наурыз – жастар, 3-наурыз– ұрпақ сабақтастығы күні ретінде аталып өтсе, бүгін қазақтың ұлттық киіміне арналады.

Бөбекжай қызметкері Гүлмира Эскерова бүгін жұмысқа ерекше әдемі болып келді. Наурыз мейрамына орай тапсырыспен тіктірген ұлттық киімінен балалар көз алар емес. Камзолдың омырауына көктем символы – қызғалдақ пішінді сәнді түйреуіш ілінген. Тәрбиеші бүгінгі дәрісті әшекей бұйымдарға, қазақ қызы киетін көйлек – бас киімге арнап, олардың ерекшелігін түсіндіріп берді.

Гүлмира Әскерова, тәрбиеші:

– Ұлтым лезгин болса да, жаным қазақ. Ұлттық киімді күнделікті киюді әдетке айналдырып келемін. Өзіме ыңғайлы әрі балаларға ұнайды. Балабақшамызда кәжекей, бешпет, шапандар ілінген этно-бұрыш бар. Бұл киімдерді жергілікті қолөнер шеберлері тіккен. Балғындарымызға қажетінше кигізіп, өнер сайыстарына қатыстырып келеміз.

Мугалима Мулдахова, балабақша әдіскері:

– Бүгін ұжым қызметкерлерінің барлығы да жұмысқа қазақтың ұлттық киімдерін киіп келді. Әр тәрбиеші өзінің киімін, ондағы ою түрлерін, күміс сырға-сақина, шолпы мен шашбау тағу ережелерін балаларға түсіндіріп берді. Бұл өз кезегінде өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудің бір жолы екені сөзсіз.

Батыс өңірлерге тән маңғыстаулықтар да тойға және 14-нен басталатын Наурыз мерекелеріне міндетті түрде ұлттық киіммен барады. Бүгін оларды көпшілікке көрсетіп, қызмет орнына киіп келуге рұқсат берілуі мемлекеттік қызметшілерді де қуантты. Облыс әкімдігінде жұмыс істейтін Айнагүл Рүстемова қолы бос уақытта ісмерлікпен айналысып жүр. Айтуынша, өзі тіккен келіншек қамзолын «Көрісу» күні киіп, әріптестерінен көрімдік алмақшы.

Айнагүл Рүстемова, облыс әкімі аппаратының бөлім басшысы:

– «Амал келді - жыл келді» деп кішілер үлкендердің үйіне барып, қолын алып көрісіп батасын алатын күн. Бүгін осындай ұлттық киім күні болғаннан кейін өзім де дайындалып келдім. Мынау бешпет деп аталады. Басымдағы орамал әркім жасына қарай тағады. Қыздар қызыл орамал тағады, мен өз жасыма қарай ақ орамал тағып келдім. Бұл сұлулықтың, тазалықтың ана болудың белгісі.

Қазақылықтың қаймағын бұзбай, ата дәстүрді сақтаған Маңғыстау өңірінде жастайынан ине-жіп ұстаған қолөнер шебері көп. Әрқайсы тігін шеберханасын ашып, жұмыссыз қыз-келіншекті кәсіпке баулып жүр. Мереке күні ғана емес, күнделікті өмірде де шапан-бешпет киіп жүретін өңір жұртшылығы өзге аймақтарды Қазақтың ұлттық киімдері күнін атап өтуге шақырады.  

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев