«Хабар» арнасы аяулы аналарға бейнеклип арнады

«Хабар» арнасы ақжаулықты аналарымыздың құрметіне бейнеклип түсірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

8-наурыз Халықаралық әйелдер күніне орайластырылған жобаға қазақ эстрадасының жұлдыздары аналарымен бірге қатысты.

«Хабар» арнасының көктемгі маусымы бейнеклип тұсаукесерімен басталмақ. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында бірінші кезекте аяулы аналарымызға құрмет көрсетілді. Қайрат Жұмағалиевтің сөзіне жазылған Марат Омаровтың «Анашым» әнін қазақ эстрадасының жұлдыздары аналарымен бірге шырқады. Бейнебаян Алматы қаласында түсірілді.

Динара Бисембина, «Хабар» телеарнасының директоры:

– Тоқтар Серіков, Әділ Ахметов және Айқын Төлепберген аналарымен бірге және Марат Омаровтың өзі және актерларды түсірді. Клиптің месседжі ол аналырымызды ардақтайық деген.

Музыкалық сый тарту 2 жыл ішінде мерекелік дәстүрге айналды. Мәселен, былтырғы жобаға Сәкен Майғазиев, Қайрат Нұртас және Төреғали Төреәлі қатысып, Шәмші Қалдаяқовтың «Ана туралы жырын» орындады. Бейнеклипте әншілер аруларға жаппай гүл сыйлаған еді.

Бақытгүл Төрехан, «Хабар» телеарнасының музыкалық продюсері:

– Кәсіби әншілер болғаннан кейін олар бейнебаянға, киноға түсіп, сахнаға шығып жүрген адамдар. Ал олардың анасы қарапайым. Оларды келістіру, көндіру, жалпы бейнебаянға түсуіне шақырумыздың өзі үлкен келіссөздер жүргізіп, апаларымызға түсіндіріп, бұл тарихи сәт, бұл халықтың есінде қалатын үлкен мереке, бұл барша қазақстандық аналардың мерекесі деп ол кісілерді бейнебаянға түсуге көндірдік.

Жаңа бейнебаянды бүгін кешкі уақыттан бастап мереке күндер бойы «Хабар» арнасынан көруге болады. Ал ай ортасында әз-Наурыз мерекесіне орай тағы бір жаңа жоба патша көңіл көрермен назарына ұсынылады.

Мирлан Алтынбек, Ербол Даиров, Ерлан Наурызбаев