«Астана Балет» театры мерекелік концерт ұйымдастырды

Елордада «Астана Балет» театры Халықаралық әйелдер күніне орай мерекелік концерт ұйымдастырды.

Көрермен назарына әлемдік деңгейдегі классикалық туындылар ұсынылды. Сахнада 3 бірдей театр артистері өнер көрсетті. Бағдарламаның ерекшелігі де осында. Хореографиялық қойылымға «Астана Балет», «Астана Опера» және Алматыдан келген Абай атындағы опера және балет театрының өнерпаздары қатысты. Бірінші бөлімде «Эсмеральда», «Аққу көлі», «Корсар» сынды әйгілі балет үзінділері көрсетілді. Қойылым қазіргі заман туындыларымен жалғасты. Көрермен залы қауіпсіздік талаптарына сай тек 30 процентке толықты.

Нурлан Канетов, «Астана Балет» театрының көркемдік жетекшісі:

- Бүгінгі концертте қазақстандық балеттің келбетін көрсеткім келді. 3 балет труппасының өкілдері бір сахнада өнер көрсетеді. Көктем шуағын, жаңа өмірдің басталғанын, махаббат пен іңкәр сезімді жеткізеді. Сондықтан көрерменді романтикалық әрі меланхолиялық сезімге бөленуге шақырамыз.