Ақтаулық этноансамбль қазақтың ұмыт бола бастаған 26 аспабын ел алдына шығарды

Ақтауда Мұрат Өскінбаев атындағы филармония жанынан «Ақшағыл» атты этно-фольклорлық ансамбль құрылды. Жас музыканттардан құралған топтың өзгеден ерекшелігі - кез келген өнерпаз 5-6 музыкалық аспапта еркін ойнайды. Құрманғазы атындағы ұлттық консерватория түлектері алғашқы концертін өткізіп, қазақтың ұмыт бола бастаған 26 аспабын ел алдына шығарып, өз шеберлігін паш етті.

Бұл концертті өнерсүйер көрермен ұзақ уақыт есте сақтары сөзсіз. Өйткені маңғыстаулық авторлардың күйлері қылқобыз, даңғыра, су ағаш, шаң қобыз тағы басқа да қазақтың сирек кездесетін ұлттық аспабында ойналды. Ансамбль репертуарында әзірге 40-қа тарта музыкалық туынды бар. Топтың мүшесі Айтолқын Амангелді тәуелсіздік жылдары қайта жаңғырған ән-күйлерді 23 ішекті жетігенде тартып жүр.

Айтолқын Амангелді, ансамбль мүшесі:

- Бұл аспапты кәсіби тұрғыдан зерттеген Құрманғазы атындағы консерватория профессоры Нұргүл Жақыпбекқызы. Бұл аспаптың күрделілігі – диатоникалық болып келеді. Әр әнге келтіру керек болады, мына тиектерді жылжыту арқылы. Ойнағанда да саусақтың ұшымен тырнақ тигізбей ойнау керек. 

Суағаш сырт көзге жуан таяқтай болып көрінгенімен өнерпаздың қолына тисе сыбдырлаған судың дыбысын шығарады. Ішіне ұсақ тастар салынған. Суағашты айналдырған сайын олар домалап құлақты ерекше үн кернейді. Қазақ халқының көне аспаптарын насихаттауды қолға алған ансамбльге жас музыкант Бердіғали Қуанышқалиев жетекшілік етеді.

Бердіғали Қуанышқалиев, өнер ұжымының көркемдік жетекшісі:

- Оқу орнында жүргенде ойыма келді қылқобызбен, сазсырнай, шаңқобыз, нарқобызбен ансамбль құру. Мақсат Медеубек ағайым болды және ол кісі осы қылқобыздың барлық қыр-сырын үйретті. Осы біліммен өз еліме келіп, дамыту үстіндемін. Бұл құралдың атауы сазсырнай. 6 ойығы бар. Қазіргі таңда бұл аспап жеке мамандық болып есептеледі.

Бекбол Базарбаев, М.Өскінбаев атындағы филармония директоры:

- Бұл топтың мақсаты көне аспаптарды қазіргі заманға сай ойнап, жастарға насихаттау. Бұл ансамбль құрылғалы бері аспаптардың көбін сұраныспен, тапсырыспен жасатып отырмыз.

Жеті өнерпаздан құралған этно-фольклорлық ансамбль жуырда аудан-ауылды аралап өнер көрсетеді. Эпиджағдай тұрақталса, жаз айлары өзге аймақтарға гастрольдік сапармен баруды жоспарлап қойған.

Авторлар: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев