Түркістанда Орталық Азиядағы ең ірі «Керуен-сарай» туристік кешені ашылды

Жобаны жергілікті инвестициялық компания жүзеге асырды.

Кешеннің ашылу рәсіміне Премьер-министр Асқар Мамин, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қатысты. Құрылыс 2019 жылдың желтоқсан айында басталған. Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне қарама-қарсы «Әзірет Сұлтан» мәдени қорығының буферлік аймағында 20,5 гектар жерде бой көтерді. Мұнда 4 мыңнан астам адам еңбекпен қамтылған. Кешенге Жібек жолы дәуіріндегі саудагерлер мен қолөнер шеберлерінің көшесі, амфитеатр, Шығыс базары, сауда орындары, қонақ үй, мейрамхана, фитнес-орталық, кинотеатр, отбасылық ойын-сауық орталықтары кіреді. Барлық нысан су арнасы арқылы байланыстырылған. «Керуен-сарай» кешенінің Орталық Азияда баламасы жоқ және ол Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен кейін өңірге туристер мен инвестиция тартатын негізгі орталыққа айналады дейді жоба жетекшілері. Сапар барысында үкімет басшысы Түркістандағы Қазақ музыкалық драма театрына да барды. Ғимараттың жалпы ауданы - 11 мың шаршы метр. Көрермендер залының сыйымдылығы – 510 орын. Бұдан соң Асқар Мамин облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана жұмысымен танысты. Кітапхананың ғылыми-зерттеу орталығында кітап сақтау қоймасы бар. Онда сирек кездесетін және көне қолжазбаларды сақтауға мүмкіндік қарастырылған.

Әлімжан Әнет, саяхатшы:

– Өзім құрылыс мамандығында оқимын. Түркістан қаласына арнайы көруге келдім.

Арман Қасымбеков, саяхатшы:

Түркістан қаласына бірнеше рет келгенмін. Елбасыға алғысымды білдіргім келеді.

Сәлима Жақыпбаева, саяхатшы:

– Киелі шаһардың жаңғырғанын көріп қуаныш кернеді.