Қостанайдағы І.Омаров атындағы театрда «Қазақтар» тарихи драмасы сахналанды

Қостанайдағы Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театрында Қалихан Ысқақ пен Шахимарден Құсайыновтың «Қазақтар» тарихи драмасы сахналанды.

Қоюшы режиссер – Қазақстанның халық артисі Тұңғышбай Жаманқұлов. Көрерменнің рухын оятып, намысын қайрайтын тарихи қойылымды қостанайлықтар жыл қабылдады.

Күрделі, тынысы кең тарихи шығарманың Қостанай театрында сахналануы – өңірдің мәдени өміріндегі елеулі оқиға. Сондықтан болар, халықтың ықыласы ерекше. Әрине, сақтық шараларына аса мән берілген. Театр «Ашық» электронды жүйесіне енгізілді. Яғни жүктелген қосымша арқылы келген адамның жай-күйі тексеріледі.

Мұрат Әбенов, Қостанай облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры:

– Бүгінде 18 саланы «Ашық» электронды қосымшасымен қамтып отырмыз. Жақында қазақ драма театры да кью-ар код алды. Бүгін байқап отырмыз, келушілердің бәрі сол жүйені қолданып жатыр.

Керей мен Жәнібек сұлтандардың Қазақ хандығын құруы, Шайбани ұрпағымен күресте Қасым сұлтанның қайыспас қайсарлығы қойылымда шынайы көрініс тапты. Тарихи шығарма болғанымен, тақырыбы бүгінгі күні де өзекті.

Тұңғышбай Жаманқұлов, ҚР халық артисі, қоюшы режиссер:

– Жалпы қазақтың арғы-бергі тереңде жатқан ғасырларда өшіміз қалған, біздің есіміз кеткен, есеміз кеткен. Сол есемізді қайтаратындай бүгінгі ұрпақтың бойында үлкен бір жауапкершілік жату керек. Біздің осы күнге жеткеніміздің бәрі аспанннан түсе қалмағанын, мемлекет болғанын, жердің бәрі осы қазақтың жері болғанын сіңдіруге тырыстым.

Спектакль көрермендердің көңілінен шықты. Бұл сахна төрінде, өнер тілінде өткенімізді танытып, жеткізе білген қойылым болды дейді өнерсүйер қауым.

Қыдырбек Қиысхан, Қостанай қаласының тұрғыны:

– «Қасым ханның қасқа жолы» заңдар жинағын енгізіп кеткен хан ретінде ғана белгілі болғанымен, ол кісінің жалпы тұлғалық қасиеті әлі ашылып зерттелген жоқ. Сөздің шыны керек. Сол себепті Қостанай сахнасында осы тарихи тұлға жайында және ханымыздың айналасындағы тұлғалар жөніндегі қойылым біз үшін өте қажет дүние.

Ілияс Омаров атындағы қазақ драма тетатры биылдыққа 7-8 жаңа қойылым жоспарлап отыр. Олардың арасында осындай кесекті тарихи туындылар да бар

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг